Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар - kaz.caravan.kz
  • $ 470.8
  • 545.99
+7 °C
Алматы
2026 Жыл
22 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Осы апта еліміздің орталық атқарушы органдарында еш кадрлық ауыс-түйіс орын ала қойған жоқ. Дегенмен,

  • 16 Мамыр 2015
  • 569
Фото - Caravan.kz

Шығыс Қазақстан облысына қарасты Көкпекті ауданының әкімі тағайындалып, «Қазақтелеком» АҚ-ның Шығыс Қазақстандағы филиалына жаңа басшы келсе, «Казкоммерц-Полис» Директорлар кеңесінің құрамы өзгеріске ұшырады. ҚазАқпарат апта ішінде орын алған осы және өзге де тағайындауларға шолу жасайды.

Сонымен ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың шешімімен Көкпекті ауданының әкімі болып Сағындықов Рамиль Нығметжанұлы тағайындалды.1967 жылы бұрынғы Семей облысына қарасты Көкпекті ауданында туған ол Семей зоотехникалық-ветеринарлық институтын, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін аяқтаған. Еңбек жолын Көкпекті ауданы Үлкенбөкен ауылындағы «Шегелек» кеңшарының №3 фермасының жұмысшысы болып бастаған. «Шегелек» кеңшарының №3 фермасының мал дәрігері, кейін меңгерушісі, «Шегелек» АҚ бас мал дәрігері, аталған қоғам директорының орынбасары одан кейін «Шегелек LTD» ЖШС-ның  директоры, ал 2010-2011 жылдары Үлкенбөкен селолық округінің әкімі қызметінде болған. 2011 жылдың тамызынан Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Соңғы 5 айда аудан әкімінің міндетін атқарған.

«Қазақтелеком» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының жаңа басшысы болып Ермек Қуанышбеков өз қызметіне кірісті. Ол Новосібір электротехникалық байланыс институтын бітірген. Еңбек жолын Қазақ КСР Байланыс министрлігінің «Казсвязьстрой №1» тресінде құрылыс зертханасы инженері лауазымынан бастаған.  Кейіннен байланыс құрал-жабдықтарын сынамадан өткізу және жөндеу инженері лауазымында жұмыс атқарған. ҚР Байланыс министрлігінің Электр байланыс басқармасы қалалық және ауылдық телефон байланысы бөлімінің бастығы, Германиялық-Қазақстандық «Декател» БК-нің техникалық директоры, Ақмола облыстық телекоммуникация дирекциясының бас директоры, «Астанателеком» ҚТО бас директорының орынбасары — техникалық директоры, Ақмола облыстық телекоммуникация дирекциясы бас директорының орынбасары — техникалық директоры қызметтерін атқарды. 2004-2010 жылдары аралығынла Қостанай телекоммуникация дирекциясының бас директоры болды. Жаңа тағайындауға дейін «Астанателеком» қалалық телекоммуникация орталығының бас директоры болған еді.

«Казкоммерц-Полис» сақтандыру компаниясының Директорлар кеңесінің құрамында өзгерістер орын алды. Атап айтқанда, «Казкоммерц-Полис» Директорлар кеңесінің құрамына «Казкоммерцбанк» АҚ басқармасының төрағасы Мағжан Мұратұлы Әуезов пен тәуелсіз директор ретінде Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрағасы Серік Ахметжанұлы Аханов кірді. 

Мағжан Мұратұлы Әуезов 1975 жылы 28 қарашада Алматы қаласында дүниеге келген. Алматы қаласындағы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын №15 мектепті, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Халықаралық қатынастар факультетін тәмамдаған. Одан кейін АҚШ-тың Вашингтон қаласындағы Джорджтаун университетінде, Нью-Йорктегі Колумбия университетінде білім алған. Амстердамдағы АБН АМРО Банк Академиясының басқарушы кадрларды дамыту бағдарламасы бойынша Уортон бизнес мектебінің түлегі. 1998-2002 жылдары «АБН АМРО Банк Казахстан» АҚ-ында қызмет атқарған, онда кредиттік блокты басқарған. 2002 жылдан бастап «Казкоммерцбанк» АҚ Басқарма мүшесі — Басқарушы директоры болды.  «Құс жолы» қайырымдылық қоры» Қоғамдық қорының президенті. 2014 жылғы 26 ақпаннан бастап «БТА Банкі» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен «БТА Банкі» АҚ Басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды. ҚР Қаржыгерлер қауымдастығының «Еңбегі сіңген қаржыгер» қоғамдық орденімен, 3-дәрежелі «Кузбастың дамуына зор үлес қосқаны үшін» медалімен марапатталған.


Серік Ахметжанұлы Аханов 1951 жылы 30 қазанда Петропавл қаласында дүниеге келген. Алматы ауыл шаруашылығы институтын және Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген. Экономика ғылымының кандидаты, профессор. Петропавл индустриалдық институтының оқытушысы, Алматы халық шаруашылығы институтының доценті, Қазақстан Компартиясы ОК идеология бөлімінің лекторы, Қазақ КСР Мемлекеттік комиссиясы кеңесінің экономикалық кеңесшісі, бөлім меңгерушісі, ҚР Президенті жанындағы Жоғарғы экономикалық кеңесінің Экономикалық кеңесшілер одағы жетекшісінің орынбасары, Экономика министрінің бірінші орынбасары, Шетел инвестициясы ұлттық агентігінің төрағасы, ҚР Мемлекеттік экспорт-импорт банкі басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары, ҚР Қаржы вице-министрі, ҚР Экономикалық жоспарлау агенттігі төрағасының орынбасары, ҚР Экономика министрінің бірінші орынбасары, «Эксимбанк-Қазақстан» ЖАҚ басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, «Қазкоммерцбанк» ААҚ басқармасы төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарған.  2004 жылдан — Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының төрағасы. Ол 40-тан астам ғылыми жарияланымның авторы. «Құрмет» орденімен марапатталған.
Осы аптада «Шахтер» футбол клубы» АҚ-да да кадрлық өзгеріс орын алды. Атап айтқанда, қарағандылық клубтың атқарушы директоры қызметіне Егоров Сергей Викторович тағайындалды. С.Егоров қазақстандық әрі ресейлік футболшы. Өзінің кәсіби спорттық мансабы жолын теміртаулық «Болат» клубынан бастаған. 1992-1996 және 2002-2003 жылдары қарағандылық «Шахтер» футбол клубының ойыншысы болған, Мұнан бөлек ресейлік «Энергия», «Газовик», «Балтика», «Анжи» сынды футбол клубтарында ойнады. 2008-2013 жылдары «Балтика» футбол клубының спорттық директоры болды.