Бұл туралы осы шараны ұйымдастырушы — Орталық Азиялық АИТВ індетіне шалдыққандар қауымдастығының баспасөз қызметінен хабарлады.
Шара аясында мемлекеттік органдар, халықаралық және жергілікті қоғамдық ұйымдардың өкілдері, қоғамдық белсенділер саябақта скумпия өсімдігінің көшеттерін тізіп отырғызды.
«Біз осы акцияның көмегімен ғасыр дертінің құрбаны болған жандарды еске алғымыз келеді. Мақсатымыз — қоғам назарын, әсіресе, жастардың назарын осы АИТВ індетімен өмір сүретін адамдардың тағдырына аудару. Әрбір адам өзінің және туған-туыстарының денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Оны тек кешенді шаралар арқылы ғана тоқтатуға болады: індеттің алдын алу, мұқтаж жандардың емделуге қолжетімділін қамтамасыз ету және әрине, қоғам назарын АИТВ індетіне аудару», — деді өз сөзінде Орталық Азиялық АИТВ індетіне шалдыққандар қауымдастығының президенті Нұрәлі Аманжолов.
Бүгінгі шараға сонымен қатар республикалық АИТВ індетіне шалдыққан жандар одағы, республикалық ЖИТС орталығы, «Сенім плюс» қоғамдық ұйымы және ЮСАИД, ЮНЕЙДС, ЮНЕСКО тәрізді ұйымдардың өкілдері қатысты.
Бүгін және ертең Орталық Азияның басқа елдерінде де еске алу саяжолдары ашылатын болады.
Айта кетелік, халықаралық ЖИТС құрбандарын еске алу күні алғаш рет 1983 жылы АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында атап өтілген. Содан бастап бұл күнді атап өту бүкіл әлем бойынша дәстүрге айнала бастады.
Бүгінде әлемде АИТВ індетіне шалдыққан 40 миллионға жуық адам тіркелген.