Шымкентте туысын сабаған кәсіпкердің үстінен қызметкерлері шағымданды - kaz.caravan.kz
  • $ 470.8
  • 545.99
+9 °C
Алматы
2026 Жыл
22 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шымкентте туысын сабаған кәсіпкердің үстінен қызметкерлері шағымданды

Шымкентте туысын сабаған кәсіпкердің үстінен қызметкерлері шағымданды

Шымкентте танымал кәсіпкерге қатысты шу жаңа қарқын алды. Бизнесмен Бақытбек Нұрмановты өзінің туысы әрі қызметкері ұрып-соқты, тіпті зорламақшы болды деп айыптаған болатын. Енді оған тиесілі дүкендердің тағы 4 жұмысшысы бастықтан жәбір көргенін айтып, арыз түсіріп жатыр. Айтуларынша, Нұрманов қоластындағыларды ұруды әдет қылған. Тіпті, түрлі сылтаумен ақша бопсалайды екен.

  • 19 Мамыр 2015
  • 206
Фото - Caravan.kz

«Дефиле» дүкендер желісінде 3 жыл қойма меңгерушісі болған Мейірбек Шымырбай енді бастығына қарсы арызданып жатыр. 20 жастағы жігіттің айтуынша, кәсіпкер қоймада тауар жоғалды деп оған сес көрсетіпті. Тепкінің астына алып, тіпті басынан темірмен де ұрған көрінеді. Ақыры шығынды жарты миллионға бағалап, Мейірбектен өндіріп алмақшы болған.

Мейірбек Шымырбай, жәбірленуші:

-Үйіңнің бәрін жоқ қылып жіберемін деді. Сөйтіп, мен қорыққанымнан амалсыз шықтым да кредит алдық барып. Басында 200 мың бердім. Сөйткен едім оған қанағаттанбады. Маған тағы 300 мың әкелесің, болмаса бұдан жаман қыламын деді.

Адвокаттарға Мейірбекпен бірге бұрынғы әріптесі Нұрзат та келді. Оны да жұдырығы жуан кәсіпкер қала сыртына алып барып, соққыға жығыпты. Жалпы, киім дүкені қызметкерлерінің айтуынша, соңғы уақытта Нұрманов көмекшісі екеуі мұндай әдісті жиі қолданған екен.

Кәсіпкерге қатысты шу өткен аптада шыққанын айта кетейік. Ол кезде Нұрмановтың әрі қызметкері, әрі туысы Тахир Тақтақожаев бастығынан 5 күн бойы таяқ жегенін айтып, тіпті зорламақ болды деп айыптаған. Осыдан кейін сот кәсіпкерді үйқамаққа алған еді. Бірақ прокурорлардың шағымымен бизнесмен үйқамақтан абақтыға ауысып отыр. Жалпы, басшыдан таяқ жедік деген жұмысшылардың саны бүгін бесеуге жетті.

Алмас Меңлібаев, Әл Фараби ауданы прокурорының орынбасары:

-Бұл азаматтардың бәрі «Дефиледе» қызмет атқарған. Олардың шағымдану себептері сол қызмет атқарған кездерінде олардың жалақыларын бермеу, сосын оларды қылмыс жасады деп айыптап, ұрып-соққанын жаңағы кейбір заттарын тартып алған деп көрсетіп жатыр.

Қазір қамауға алынған Бақытбек Нұрмановқа «озбырлық», «адам ұрлау» секілді 4 бап бойынша айып тағылды. Абақтыда отырған кәсіпкер тіпті кейбір жәйттер бойынша кінәсін мойындап та жатыр екен. Ал кәсіпкермен бірге жұмысшыларды ұруға жәрдемдескен көмекшісі Мақсат Мәдиевке іздеу жарияланды.