Бұл –кенеттен тылсым оқиғаға тап болған Кейси есімді сотқар қыз жайындағы фильм. Кезекті рет бұзақылық жасап, абақтыға қамалып шыққанында қолына ғайыптан төсбелгі түседі. Ал ол заттың тек вундеркинд балаларға бұйыратын, әрі болашақтағы қалашыққа жол ашатын құдіреті бар болып шығады.
Болашақ мекені жайында тағы бір адам — профессор Фрэнк Уокэр де хабардар. Енді қауіп төнген қаланы екеуі бірлесе қорғауы тиіс. Картина 80 пайызы компьютерлік графикадан тұрады. Сценарийін әйгілі мультипликатор Уолд Диснейдің өзі жазып кетіпті. Шаң басқан туындыны араға 55 жыл салып, режиссер Брэд Берд түсіріп отыр.
Аружан Сайын:
— «Дисней» әрдайым өзінің таңғажайып және соңы кейіпкерлердің бақытты болуымен аяқталатын өнімдер түсіреді. Әрі өте сапалы. Сондықтан қыздарым оның мультфильмдеріне, киноларына құмар.
Канададағы мына бидай алқабын фермерлер арнайы осы фильм үшін өсіріпті. Сондай-ақ, картина 90-ға жуық павильонда түсірілген. Жалпы бюджеті 190 млн доллар.
Нариман Әбиев, «Меломан» компаниясының ресми өкілі:
— Фильм барлық жасқа арналған. Кішкентайларға ғана емес, үлкендерге де қызықты болады. Сюжет желісі сондай шытырман. Жалықтырмайды.
«Меломан» — елімізге «Сони» мен «Базелевс» студияларының да өнімін жеткізіп жүрген дистрибьютер. Ал «Земля будущего» фильмі елдегі барлық кинотеатрларда бүгін бастап көрсетіліп жатыр.