Ғасырға жуық тарихы бар ипподромға қатысты дау қыста басталған. Бәс тігетін тотализатор болмағандықтан ақша түсімі азайып, бәйге алаңының қақпасы біраз уақытқа жабылып еді. Енді жабылғаны былай тұрсын, ондағы атқоралар түгел қиратылмақшы.
Ислам Байрамуков :
-Ішіндегі атқораларды түгел сүріп тастайын деп отыр. Онда тұрған бәйге аттарын да иелерімен қосып шығарып жіберді. Ал олардың орнына сауда үйлері, басқа да нысандар салынбақ. Бізге керегі,қала әкімдігі осы ипподромды құзырына алып, қайтадан бәйге өткізетіндей жағдай туғызса дейміз.
Алайда ипподром иесінің өз айтары бар. Сүріледі деген қоралар әбден ескірген. Соңғы рет сексенінші жылдары жөнделген ғимараттың қазір ауылдағы жабын қорадан айырмашылығы жоқ.
Шухрат Илохунов, ипподром қожайыны:
-Жаңартпаса болмайды. Бұл жерді жөндегеннен гөрі жаңадан салған артық. Қазір бос тұрғанның өзінде иіс қолқаны алады. Ал аттар тұрған кезді елестетіп көріңіз. Сондықтан, бұл қораны түгел бұзып, ипподромның басқа тұсынан заманауи үлгіде жаңадан салуды ұйғардық.
Атқоралар орнына енді орына кәдімгі тұрғын үй кешені салынбақ. Ипподромның өзі жабылмайды деп сендірді қожайындары. Тек сатылымнан түскен ақшаға 40 гектарлық бәйге алаңын күрделі жөндеуден өткізбекші екен.
-Арамшөп қаптаған мына қатқыл қара топырақты алмастырудың өзі 5 миллион доллар тұрады. Ал одан бөлек көрермендер отыратын трибунаны жаңарту, сондай-ақ жаңа атқоралар салу мен жарықтандыру жұмыстарын жүргізудің өзі қыруар қаржыны талап етеді. Ал оның барлығына ақша табу оңай іс емес, сондықтан ипподромның бір бөлігін басқа мақсаттарға пайдалану амалсыздан туған қажеттілік дейді ипподром басшылығы.
Бұрын бұл шығынның бәрін бәс тігетін тотализатор ақтап отырған екен. Оған тыйым салынған соң иесі ипподромның 6 жарым гектарын құрылысқа беруге мәжбүр болған. Әзірге уақытша жабылған нысан екі жылдан кейін қайта ашылмақ. Ал оған дейін мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүреді.