Бұл туралы бүгін ҮІІІ Астана экономикалық форумы аясында өтіп жатқан «Нұрлы жол — жаңа мүмкіндіктер» тақырыбындағы Халықаралық іскер әйелдер форумында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова айтты.
«Мемлекет басшысы әйелдер қауымының қоғам дауындағы ерекше рөлін баса айта келіп, «Қазақстан-2050» стратегиясында әйелдер қауымын мемлекеттік және қоғамдық басқару жұмыстарына белсенді түрде тарту керектігіне назар аудартады. Осы және басқа да қолайлы жағдайлардың арқасында елімізде жылдан жылға өз кәсібімен айналысатын әйелдер саны көбейіп келеді», — деді ол.
Мемлекеттік хатшының айтуынша, 2014 жылы жүргізілген халықаралық есептеуінде Қазақстан әйелдер мен ерлердің арасындағы бәсекелестік коэффициенті бойынша әлемде 25-ші орынға табан тіреген. Бұл өте жоғары көрсеткіш деп айтуға болады.
«Қазақстанда бүгінгі күнде әйелдердің экономикалық тұрғыда тәуелсіз болуына барлық жағдайлар жасалған. Сонымен қатар әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына да барлық алғышарттар бар. Солардың бірі Мемлекет басшысының инфрақұрылымды дамытуға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы деп айтуға болады. Бағдарлама инвестициялар тартуға мүмкіндік беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге жол ашады. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік субъектілері 400 мыңнан астам жұмыс орнын ашып, олардың шығаратын тауарының мөлшері 150 млрд. теңгеге ұлғаяды», — деп атап өтті Г. Әбдіқалықова.
Оның мәліметінше, бүгінгі күні кәсіпкер әйелдердің белсенділігінің артқаны анық байқалып отыр. Мәселен, еліміздегі шағын және орта бизнес басшыларының 40 пайыздан астамын әйелдер қауымы құрайды. Кейбір өңірлерде өз ісін дөңгелетіп отырғандардың 48 пайызы — әйелдер.
«Мемлекетте кәсіпкер әйелдердің ісін қолдауға арналған бағдарламалар жұмыс істеуде. Бизнесті дамыту бойынша қабылданатын түрлі мемлекеттік бағдарламаларда гендерлік тепе-теңдік қатаң түрде сақталады. 2009-2015 жылдарға арналған әйелдер кәсіпкерлігін микронесиелеу бағдарламасы аясында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» желісі бойынша 1469 кәсіпкер әйелге қолдау көрсетіліп, олардың өз ісін ашуына немесе кәсібін кеңейтуіне мүмкіндік берілді. Бүгінгі күні әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға 10 млрд. теңгеден астам қаражат бөлу жоспарланып отыр. Соңғы 5 жылда әйелдер ұсынған 5 мыңнан астам жобалар қаржыландырылды. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына да ерекше назар аударылады. Мәселен, былтыр олардың тарапынан түскен бизнес-жобаларына 691 несие бөлінді. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан 1324 мүгедек-кәсіпкерлерге қолдау көрсетілсе, олардың 60 пайызы әйелдер қауымы болған», — деп атап өтті Г. Әбдіқалықова.