Людмилада екі аптадан бері тыныштық жоқ. 2 жасар қызы түнімен ұйықтамай жылап шығады. Шабын ауырсынған бала анасынан көмек сұрап сандырақтайды екен.
Людмила Лезина:
-Қызым түнімен ұйықтамайды. «Анашым, анашым» деп, шошып оянады әр кезде. Енді не істеуім керек? Балабақша көгерген іздердің қалай пайда болғанын айтып түсіндірудің орнына, маңына да жолатар емес. Үйде өздерің зақымдап алғансыңдар деп жатыр.
Бір сұмдықтың болғанын әйел баланы алып үйіне келгенде бір-ақ білген. Анықтап қараса, қызының іш киіміне қан жұғыпты. Ал одан кейінгі көрініс жанын түршіктірген. Сәбиінің санына саусақ іздері батып, шабы қызарып кеткен.
-Кім істеді ?
-Аға .
-Қандай?
-Жаман аға.
-Бақшада болды ма?
-Иә.
Бүлдіршіннің өзі балабақшада біреудің тиіскенін айтып отыр. Жыныстық қатынас болғанын гинеколог дәрігер де, тәуелсіз сараптама да растапты. Іске дереу полиция араласып, №125-ші балабақшаға жеткен екен. Бірақ сот сараптамасы зорлық дерегін жоққа шығарған.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД ресми өкілі:
-Осы қылмыстық істі тергеу барысында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оның нәтижесі бойынша, кішкентай балаға ешбір дене зақымдар және зорлық әрекеттер жасалған жоқ.
Бұған ананың сенгісі жоқ. Үшінші мәрте тағы сараптама жасатпақ. Тек оның нәтижесі шамалы болатын түрі бар. Өйткені дәрігерлер куәгерліктен ашық түрде бас тартты.
Ал Алматының ең элиталық №125 мемлекеттік балабақшасы қандай да бір түсініктеме беруден бас тарты. Есігін тарс жауып, сыртына күзет қойған. Қызының қамын күйттеген ана кезегін әрең жүріп алса да, балабақшадан баласын бірден әкеткен. Екі жасар бүлдіршіннің де енді қатарластарының қасына қайтып оралғысы жоқ.