Бір үйдің дуалын салып жатқан мына жігіттер – нағыз арзан жұмыс күші. Тапа-тал түсте күннің қызғанына қарамастан, істеріне білек сыбана кіріскен. Алайда кенеттен пайда болған полицейлер қызған еңбектің шырқын бұзып жіберді. Барлығы да Өзбекстан азаматтары. Әрі ешқайсының рұқсат қағаздары жоқ. Құжаттары болмаған соң бәрін бір көлікке тиюге тура келді.
Ерлан Райымбеков, Көші-қон полициясының взвод командирі:
-270 адам бүгінгі таңда соттың шешімімен жауапқа тартылып жатыр. Осы заңсыз келушілердің көп үлес салмағы көбінесе Өзбекстан және Қырғызстан Республикаларының азаматтарына тиеді. Сонымен қатар, алыс шетел азаматтары да кездесіп жатыр, негізінен Қытай және Түркия.
Ұсталған соң олар бір ай бойы қабылдау-тарату мекемесіне қамалады. Ал сот шешімі сосын шығуы тиіс. Полицияның қолына түсті деген аты болмаса, мұндағылардың жағдайы жаман емес. Үш мезгіл тамақ, жуынатын жері бар, жататын орындары да дайын.
Сәрсенбай Қазақбаев, Өзбекстан азаматы:
—Өткен жылы келгенмін. Осы Райымбекте келе жатқанымда көші-қон полициясы тоқтатып, құжат сұрады. Жанымда құжатым жоқ, келгенде жоғалтып алғанмын. Содан осы жерге алып келді. Қазір бір ай болды.
Мұндағылардың көбінің ел аумағында болу мерзімі өтіп кеткен немесе жұмыс берушісімен тиісті келісім-шарт жасаспаған. Тек бір Қарасай ауданының өзінде үш күн ішінде 300-ден астам мигрант ұсталды. Оның 17-сі – Қытай азаматтары. Ал облыс бойынша құжатсыз жүрген 1155 шетелдік анықталып отыр. Енді олардың барлығына қатысты сот шешімі шығарылып, ірі көлемде айыппұл төлейді не елдеріне қайтарылады.