Тәуелсіздік сарайына жиналған жер жаһанның ақылмандары бұл. Атақты экономистер, Нобель сыйлығының лауреаттары, әлемдік экономикаға үстемдік жүргізіп отырған әйгілі корпорациялардың басшылары Қазақстан президентінің пікірін тыңдау үшін бір залға жиналған. Спикерлердің қатарында Назарбаевқа жақын жайғасқан Люксембургтің премьер-министрі бар. Ал сөз алған бойда, Елбасы дүниежүзін діңкелеткен дағдарыстың себебін атады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-2008 жылдан басталған дағдарыстың ұзаққа созылуының себебі тепе-теңдіктің бұзылуы. Сауда, валюта, санкциялар соғысы, ірі державалар арасындағы текетірес, сенімнің азаюы – осының бәрі қаржылық күйреуге соқтырды. Халықаралық келісімдер орындалмаса, экономикада қандай тұрақтылық болады?
Негізінен АҚШ, Еуропа Одағына қарата айтылған сынды бүгін Люксембург премьеріне естуге тура келді. Орындықта аяғын қайшылап отырған Квасье Беттель бұл тақырыпты қозғамауды жөн көрді. Ал шатқаяқтап тұрған жаһандық экономиканы табиғи апаттардың көбеюі мен азық-түлік тапшылығы одан сайын тығырыққа тіреуі мүмкін. Осы келеңсіздіктер Қазақстанды шарпымасы үшін билік өз жоспарын дайындап қойған.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Басты қатер экономиканың тұралауына жол бермеу. Қазақстанда дағдарыс жоқ. Әрине, мұнай мен газға бағаның түсуі, Батыстың Ресейге салған санкциясы әсер етіп жатыр. Қазір шикізатқа тәуелді болмайтын индустриалды экономика құрып жатырмыз.
Экономика бітпейтін тақырып. Сондықтан түстену уақытымен! Шетелдік меймандарға жайылған майлы да жайлы дастарханда құс сүтінен басқасының бәрі бар. Ал ішкен жегені бойына тараған қонақтар кейін сарқытын ұстап қимай тарқасты. «Қазақстан» деген жазуы бар қолшатыр ұстаған шетелдіктер жаңбырлы Астанадан елдеріне қайтуға асығып бара жатқандай.
Ал екі сағат бойы әлемнің басты қиындықтарын тізіп берген Нұрсұлтан Назарбаев одан құтылудың жолдарын да айтты. Бастама көтеріп, Біріккен еуразиялық экономикалық кеңістігін құруды ұсынды. Астана экономикалық форумы аясында құрылатын пікірталас алаңы жер бетіндегі келіспеушіліктерді дипломатиямен шешілуіне қол жеткізуі тиіс.