Семейде дүлей дауылдан соң мыңдаған үй жарықсыз қалды - kaz.caravan.kz
  • $ 471.77
  • 547.25
+28 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Семейде дүлей дауылдан соң мыңдаған үй  жарықсыз қалды

Семейде дүлей дауылдан соң мыңдаған үй жарықсыз қалды

Семейде ойран салған дүлей дауылдан кейін тұрғындар әлі күнге жарықсыз отыр. Құлаған электр бағаналары да көп жерлерде қалпына келтірілмеген. Азық-түлік дүкендерінің иелері шығынға баттық десе, тұрғындар тоңазытқышта сақталған тағамнан түк қалмады деп зар жылайды. Секундына 35 метр жылдамдықпен соққан дүлей жел кесірінен шаһарда ондаған ғимараттың шатыры ұшып, электр желілеріне келген зақымнан 50 мыңнан аса абонент жарықсыз қалған болатын.

  • 18 Маусым 2015
  • 217
Фото - Caravan.kz

Бұл өткен демалыс күні түсірілген кадрлар. Екпіні секундына 35 метрге дейінгі дауылдан электр сымдары жіптей үзіліп жатыр. Небары жарты сағатта қаланың астан-кестеңін шығарған желдің зардабын жұрт әлі күнге дейін тартуда.

Төлеухан Септегенова, Семей қаласының тұрғыны:

-Май шам  жағып отырмыз. Енді не істейміз? Тоңазытқыш  істемейді, еттің бәрі шіріді! Төртінші күн!

Людмила Рыкова, Семей қаласының тұрғыны:

-Біз адам емеспіз бе? Элекрт тасымалдаушы мекеме өкілдері келіп, кері бұрылып кетті. Басқа аумақтарда жарық бар, бізге еш көңіл бөлмейді.

Бұл жақтағы дүкен иелері де шығынға баттық дейді. Тоңазытқышта сақталған азық-түлік жарамсыз болып қалған. Ашынған тұрғындар енді шіріген азы-түлігін жайбасар энергокомпанияның алдына лақтыруға дайын отыр.

Ирина Лескина, Семей қаласының тұрғыны:-

-Енді бұзылған азықтың бәрін жинап, жауапты мекемелердің есік алдына барып төгеміз! Содан кейін назар аударатын шығар.

Бұл көшеде адам аяғы мен көлік қозғалысы тыйылмайды. Дүлей дауыл соққан күннен бірнеше тәулік өтсе де, желден қисайған бағаналарды түзетуге ешкім асығар емес. Жұмыс қолға алынғанша, бағаналар біреуді басып қала ма деп қорқады жұрт.

Электр энергиясымен қамтитын мекеме өкілдері мән-жайды түсіндіруге құлықсыз. Сондықтан Алыс ықшамауданында қашан жарық болатыны белгісіз. Қазірде қалада дауылдан келген залалды жою бойынша арнайы штаб жұмыс атқаруда. Шаһардың әр бұрышында құлап жатқан бағаналар мен ағаштар жетерлік. Нөсер жауыннан кейін су толған көшелер де көп. 4 күн өтсе де олардың көбіне көмек жетпеген.