Аталған цехта номиналы 2 мың теңге болатын ақша басылып келген.
«1994 жылы туылған ҚР азаматы, 1992 және 1994 жылы туылған Өзбекстан азаматтары Алматы және Алматы облысы аймағында 3 ай бойы астыртын ақша басып, оны айналымға түсірумен айналысып келген. Тексеру барысында жалпы сомасы 450 мың теңге болатын 2 мың теңгелік 225 купюра, ақшаның форматы сызылған А- 4 пішінді 11 қағаз, «HP» және «Canon» маркалі 2 көпфункционалды құрылғы табылды», — деді облыстық Мемлекеттік кіріс департаменті экономикалық тергеу қызметінің басқарма басшысы Дәулет Ақылбеков.
Қазір ұсталған азаматтарға қарсы қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Жергілікті құқық қорғау органдарына аймақта айналыста жүрген жалған ақшаларды анықтау тапсырылды.
Маманның айтуынша, жалған ақша көбіне ұсақ сауда орындарында, жанармай құю стансаларында айналымда жүреді. Көбіне номиналы 2 мың, 5 мың, 10 мың болатын қағаз ақша қолдан жасалынады.
Осыған байланысты құзырлы орган өкілдері азаматтарға ірі ақшаға қатысты мәмілеге келгенде сақтық танытуын ескертеді.
