Күллі елге танымал бұл зағип жандар 5 жылдан бері басшыларымен айқасып қызметтен кетіре алмай жүр. Айтуларынша, «Қазақ зағиптар қоғамын» басқаратын Байболат Әубәкіров ойына келгенін істеп, ұйым мүшелерінің біразын жұмыстан қуған.
Басшыларының бассыздығын айтып шулағандар Астанадағы бас кеңселеріне де басып кірмек болған. Тіпті, Америка консулдығының алдына жиналып Барак Обамадан көмек сұрап, апта бойы аштық жариялағаны да есте.
Енді міне үлкен дау-дамайдан кейін соқырлар ақыры сотта кездесті. Жанары сөнген жәбірленушілер мен атышулы Байболат Әубәкіров те осында. Оған «Қазақ зағиптар қоғамын» басқарып тұрғанда бірлестікке тиесілі мүлікті заңсыз сатып, миллиардтан теңгені қалтасына басты деген айып тағылған.
Алмат Наурызбаев, «Қазақ зағиптар қоғамы» бірлестігінің мүшесі:
-Мүгедек адам бизнеспен айналыспайды. Ісі жоқ. Әйелі де мүгедек.. Сондай адамның осыншама мүлкі болуы мүмкін бе? Осы кісінің 41 мүлкі бар.
Шағымданушылардың айтуынша, бірлестіктің ақшасына Байболат Әубәкіров Алматы мен Астанада ондаған элиталық пәтер алып, қалғанын жеке бизнесіне салған. Ал, 4 бірдей адвокат жалдаған Әубәкіровтің өзі әдеттігідей мұның бәрін жала деп отыр.
Байболат Әубәкіров, айыпталушы:
-Менің орныма жаңағы Наурызбаев деген таласып отыр. Кәрібаев та таласып отыр. Солар кезінде орындарынан босатылған директорлар. Олар қоғамға қарыз.
Ал бұл өзгермейтін «Қазақ зағиптар қоғамының» басшысы Байболат Әубәкіровке қатысты қозғалған алғашқы қылмыстық іс емес. Бұған дейін алаяқтық бабы бойынша айыпталып, кейін ақталып шыққан еді. Егер кінәсі тағы дәлелденбесе, зағиптар Біріккен ұлттар ұйымына арыз жазбақ.