Күтпеген жерден шұғыл шақыртылған сенаторлар аң-таң. Тіпті арасында өкпелеп жүргендері бар. Ақордадан бір топ лауазымды атқамінерлер Сенатқа кіріп келгенде, бір ауыс-түйістің болары анық еді. Сөйтсе, Президент әкімшілігінің басшысы Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовты отставкаға жіберілгенін айтып, орнына Данияр Ақышовты тағайындауға рұқсат сұрай келіпті. Конституция бойынша, Елбасының ұсынған кандидатурасын жоғарғы заң шығарушы орган бекітуі тиіс. Халық қалаулылары көп ойланбастан, келісімдерін берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Сенат төрағасы:
-Қатысып отырғандар 41. Жақтағандар 41. Бұл шешім қабылданды. Ал, енді құттықтаймыз. Данияр Талғатұлы Елбасы сенімін ақтап, жауапты қызметті абыроймен атқарасыз деп сенеміз.
Жаңа қызметке еш қарсылықсыз тағайындалған Данияр Ақышов құттықтау қабылдап үлгермей жатыр. Енді ол үлкен даумен орынтағынан айырылған Келімбетовтың орнына Ұлттық банкты басқарады. Сенат залынан бақыттан басы айналып шыққан су жаңа бас банкир тілшілерге де қарамай қашып кетті.
-Құрметті тілшілер. Сұхбатты сәл кейінірек беремін..
Жауапты қызметке тағайындалғаны сол еді Данияр Ақышовты Президент Ақордаға шақыртып маңызды тапсырмаларды жүктеді. Енді ол теңгеге деген сенімді күшейтіп, Ұлттық банктың халық алдында жоғалған беделін қайтаруы керек.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Теңге жоқ. Жұмыс істейтін теңге болу керек. Ол жоқ болған соң долларға көшіп жатыр барлығы. Бұның бәрі мамандардың біліктілігімен шешілетін көп жағдай болады. Соған байланысты Ұлттық банктің төрағасының орнына Данияр Ақышовты тағайындау туралы шешім қабылдап отырмын.
Данияр Ақышов Ұлттық банкте өмірінің тең жартысын яғни 18 жылын өткізіп лауазымды қызметтер атқарды. Әнуар Сәйденов пен аты шулы Григории Марченко және Келімбетовтің де орынбасары болған. Сол кезде Ақышов теңгені құнсыздандыру идеясын қатты қолдаған екен. Осы кезге дейін президент әкімшілігінде әлеуметтік экономикалық бөлімге жетекшілік етті.
Ал, экс-төраға Қайрат Келімбетов орынтағынан тайғанына ренжісе керек, Сенат отырысына қатысқан да жоқ. Енді ол күлкілі мәлімдемелерімен елдің есінде қалатын болды.
Төл теңгені рекордтық көрсеткішке дейін құнсыздандырып кеткен Келімбетов қандай қызметке тағайындалары белгісіз. Ұлттық банктің экс-төрағасы ұялы телефонын да сөндіріп тастапты. Ал, су жаңа бас банкирдің де девальвацияны жақтаушылардың қатарында екенін ескерсек, төл теңгені алда не күтіп тұрғанын болжау қиын емес.