А.Дәуітоғлы Сириядағы күрд жасағына талап қойды - kaz.caravan.kz
  • $ 471.93
  • 548.43
+18 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
А.Дәуітоғлы Сириядағы күрд жасағына талап қойды

А.Дәуітоғлы Сириядағы күрд жасағына талап қойды

Түрік билігі Сирияның солтүстік аймағында күрд жасақтарының ықпалы арта бастағанына алаңдаулы. Өйткені бүгінде олардың «Демократиялық одағы» Түркиямен шекаралас өңірлерді өз бақылауына алып отыр. Ал ресми Анкара күрдтердің күшеюінен қауіптеніп, іргелес жатқан Алеппо провинциясы мен Миннех әскери әуе базасынан шығуларын талап етті. Тіпті өткен сенбі күні түрік қарулы күштері күрд жасақтарына қарсы артиллериядан оқ жаудырды. Қазіргі таңда қос елдің шекара маңындағы жағдай өте күрделі. Түрік үкіметі Сириядағы «Демократиялық одағы партиясын» ел ішінде террорлық ұйым деп танылған «Күрдістан жұмысшы партиясының» мүдделес бір бөлімшесі санайды. Сондықтан ресми Анкара Сирияның Алеппо провинциясы күрдтердің бақылауына толығымен өткен жағдайда, шекарадағы шиеленіс күрделеніп қана қоймай, елдің шығысындағы күрд жасақтары да белсенділік танытатынына алаңдаушылық білдіреді. Сол себепті Түркия шекара маңына топтасқан күштерге аса сақтық танытуда. Бүгін Түркия премьер-министрі Ахмет Дәуітоғлы күрд жасағы Аазаз қаласынан шеттетілгенін хабарлап, Евфраттың батысына өтуіне жол бермейтінін жеткізді.

  • 16 Ақпан 2016
  • 367
Фото - Caravan.kz


Ахмет Дәуітоғлы, Түркия Республикасының премьер-министрі:

— Аазаздың күрд жасағының бақылауына өтуіне еш мүмкіндік бермейміз. Мұны бүкіл әлем білуі тиіс. Әскери әуе базасын оппозициялық күштердің қолдануына да жол жоқ. Егер олар алған беттерінен қайтпаса, әуежай жермен жексен болады. Түркия өзінің ұлттық қауіпсіздігін сақтау мақсатында мүмкін болар барлық қадамдарын жасауға әзір. Түркия қарулы күштерінің Сирияның солтүстік өңірлеріне оқ атуын АҚШ, Ресей мен Франция елдері қатаң сынға алып, дереу тоқтатуын талап етті. Сирия ақпарат көздерінің хабарлауынша, қақтығыста күрдтердің екі жауынгері көз жұмған. Түркия Сирияға құрлық арқылы әскери операция жүргізе ме? Күн тәртібіндегі өзекті сауалдардың бірі осы. Түрік үкімет жетекшісі Ахмет Дәуітоғлы бұл мәселені саяси жолмен шешуге басымдық беретінін тілге тиек етіп, тілшілер қауымын ақпараттық соғыспен айналыспауға шақырды.