Елордада тек қана отандық өнім сатылатын алғашқы сауда орталығы ашылды. «Халық маркасы» атты әмбебап дүкенде Қазақстанда жасалған тауарлардың 500-ге жуық түрі болады. Дүкеннің ашылу салтанатына әріптесім Әсел Тұмашқызы куә болды. Әсел Тұмашқызы, «24KZ» арнасының тілшісі: — «Халық маркасы» атты әмбебап дүкенінің ашылуы қазақстандық кәсіпкерлерге үлкен қолдау болғаны сөзсіз. Сондықтан отандық өнім шығарушылар мұндай шарадан шет қалмаған. Дүкен сөресіне кәсіпкердің тауары қойылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай әмбебап дүкен тағы 12 қалада ашылады. Тек Қазақстанда жасалған өнімдер сататын дүкендерді қай өңірлерден табамыз? Бұл сұрақтың жауабын менің жанымда тұрған «Халық маркасы» жобасының жетекшісі Римма Тәжібаевадан білетін боламыз. Римма Тәжібаева, «Халық маркасы» жобасының жетекшісі: — «Халық маркасы» супермаркеттері арқылы еліміздің батысындағы компаниялар өз өнімдерін оңтүстікке, оңтүстіктегі компаниялар батыс пен солтүстікке сатылымға шығара алады. Жыл соңына дейін 27 кәсіпорын «Халык маркасы» таңбасымен өз өнімдерін таңбалап шығарады.