Канар аралдарында түсіріліп жатқан Allied шытырман оқиғалы фильмінде басты рольді Голливуд жұлдызы Брэд Питт сомдайды. Режиссер Роберт Земекистің Allied атты кинотуындысында Брэд Питт актриса Марион Котийярмен бірге ерлі-зайыптыларды ойнайды (бұл фильм біздің прокатқа «Пять секунд тишины» деген атаумен шығуы мүмкін). Фильмдегі оқиға желісі 1942 жылы солтүстік Африка жерінде өтеді. Мұнда британдық барлаудың тыңшысы Макс Ватан/Max Vatan француз Қарсылық көрсету қозғалысының қатысушысы Мариан Босежурмен/Marianne Beausejour танысып, көңіл жарастырған соң отбасын құрады. Бірақ, артынша ерлі-зайыптылардың бірі нацистердің тыңшысы болуы мүмкін деген күдік пайда болады. Жалпы Африка құрлығына жақын орналасқан испан жері Марокконың «ролін атқаратын» болады. Лас-Пальмас-де-Гран-Канария шаһары болса, Мароккодағы Касабланка қаласына қатты ұқсайды екен. Ал фильмді түсіруші топ қаланың кейпін өткен ғасырдың 40-жылдардағы кейпіне келтіру үшін зор жұмыс атқаратын болады, деп хабарлайды espanarusa.com. «Пять секунд тишины» фильмінің дүниежүзілік премьерасы қараша айында көрсетіледі.