Роза Рымбаева, Қазақстанның халық әртісі:
— Мен осыдан біраз жыл бұрын «Арай» ансамблімен шырқаған әнді орындадым. Сол кезде Батырхан екеуіміз «Біз кездесеміз» атты әнді дуэт ретінде шырқаған едік. Ол кезде барлығымыз жаспыз. Қазір ансамбль құрамында болған Байғали Серкебаев, Владимир Миклошич, Болат Сыздықовтар әйгілі музыканттарға айналды. Өкінішке қарай, Болат та арамыздан алыстап кетті. Батырхан Шөкеновтің есімі ел жадында. Ол өнер саласында өшпес із қалдырған талант иесі еді. Әсіресе екі елдің эстрадасына қатар танылған «Джулия», «Отанана» секілді әндерін бірнеше буын ұрпақ тыңдап өсті.
Кэти Топурия, А-Studio тобының солисі:
— Батырхан музыкант ретінде соңына өшпес із қалдырды. А-Studio тобында өнер көрсете жүріп, талантымен таңқалдырды. Кейін жеке орындаушылығына да көпшілік қол соқты. Валерий Меладзе, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі: — Негізі Батырханның әндерін орындау оңай емес. Оның орындау шеберлігі жоғары болатын. Сондықтан еске алу шарасында сахнаға шығып, Батырханның шығармаларын шырқау үлкен сынақ болды. Ұйымдастырушылар Батырханның бір жылдығына арналған мұндай концертті дәстүрге айналдырып, есімін жыл сайын ұлықтауды көздеп отыр.
Александр Маршал, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі:
— Ол менің ең жақын досым еді. Уақыт өткен сайын оған деген сағынышым ұлғайып барады. Батырхан кез келген уақытта көмектесуге дайын тұратын. «Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» демекші Батырхан Шөкеновтің да асқаралы тұлғасы, бірегей өнері мен адамгершілік асыл-қасиеттері жадымызда жаңғыра бермек.