Бүгiн Ақордада ҚР Мемлекеттiк хатшысы Гүлшара Әбдiқалықованың төрағалығымен Мемлекеттiк рәмiздер жөнiндегi республикалық комиссияның кезектi отырысы өттi. Жиында рәмiздер айы бекiтiлгенi айтылды. Осыған орай бiрқатар министр мен өкiлеттi орган басшыларының есептерi тыңдалды, деп хабарлайды Caravan.kz Ақордаға сілтеме жасап.
«4 маусым – мемлекеттiк рәмiздер күнi. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекiтiлген Тәуелсiздiктiң 25 жылдығын мерекелеу тұжырымдамасына сәйкес, маусым айы рәмiздер айы деп саналады. Сондықтан, осы саладағы жұмысты күшейтуiмiз керек», — дедi Г.Әбдiқалықова.
Комиссия отырысында бiрқатар министрлiк пен Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстары әкiмдiктерiнiң мемлекеттiк рәмiздердi пайдалану және насихаттау жөнiндегi жұмыстары туралы есептерi тыңдалды.
ҚР Мәдениет және спорт министрi Арыстанбек Мұхамедиұлы, министрлiктiң ҚР Инвестициялар және даму министрлiгi, БҒМ, Прокуратура қызметтерiнен құрылған инспекциялық топпен өңiрлерге мониторинг жүргiзгенiн айтты. Олар кемшiлiктердi анықтап, оларды жою шараларын жүзеге асырған. Министрдiң айтуынша, әрбiр азамат рәмiздердi құрметтеп ұстауға, оларға ұқыппен қарауға мiндеттi.
Комиссия мүшелерi тарапынан жергiлiктi мемлекеттiк органдардың жұмысына жан-жақты талдау жасалды. Уәкiлеттi мемлекеттiк органдар басшыларының назары мемлекеттiк рәмiздер туралы заңнамалардың бұзылуына жол бермеу, оның iшiнде үнемi бақылау, құқықтық қолдану тәжiрибесiн жаңғырту, сондай-ақ, мемлекеттiк рәмiздердi қолдану және насихаттау саласына бақылауды күшейту мәселелерiне аударылды.