Биыл Ораза 6 маусымда басталған еді. Ол 29 күнге созылды. Бүгін Ораза айтқа дайындық жүргізіліп жатыр. Арапа деп аталатын бұл күні тазалыққа мән берген жөн. Ауланы, үй ішін тазартып, киімдерді де жуып қойған дұрыс. Қазақтар бұл күні шелпек, бауырсақ пісіріп, иіс шығарады.
Айт үш күнге созылады. Ал осы күндері не істеу керек дегенге келсек, islamdini.kz былай деп жазған: «Айт күні ерте тұру, ғұсыл алу, мисуак қолдану, хош иіс себу, жаңа және таза киім кию, адамдарға қуанышты екенін білдіру сүннет болып табылады. Мешітке ерте бару, мешітке бара жатқанда тәкбір айту, қабірді зиярат ету, көп дұға оқу, тәубе ету, жүзік тағу, кездескен мұсылмандармен жылы жүзде сәлем беру, құттықтау, кедейлерге садақа беру, исламға дұрыс қызмет етіп жүргендерге көмек беру, араздарды татуластыру, туыстарға бару, діндес бауырларына бару, оларға сыйлық апару, қонақ күту сүннет болады. Айт түндерін ғибадатпен өткізген адам үлкен бақытқа қауышады. Бір хадис шәрифте былай делінеді:
«Айт түндерін ғибадатпен өткізген адамның көңілі, көңілдер өлген күнде өлмейді» (Табарани). Ренжіскен, араздасқан адамдар айтты күтпестен тез арада татуласуы керек. Аллаһу та’аланы және пайғамбарымызды жақсы көретін кісі, адамдардың кемшіліктерін көрмейді, бәрімен тату, кең бауырлы болады. Жақсы кісі барлық адамдармен жақсы мәміледе болады. Ешкімге зиянын тигізбейді және басқалардан келетін зияндарға сабырлылық танытады. Бір айыбы үшін ешкіммен араздаспау керек».