Қос Мұхтардың дауы тағы басталды - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
0 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қос Мұхтардың дауы тағы басталды

Қос Мұхтардың дауы тағы басталды

Ақын Мұхтар Шаханов пен жазушы Мұхтар Мағауиннің арасындағы Шыңғыс ханға қатысты ұзақ айтыс ұмытыла бастағандай еді. Бірақ екінші Мұхтар жақында ғана жаңа бір даудың шетін шығарды.   

  • 4 Шiлде 2016
  • 2908
Фото - Caravan.kz

«Қазақ әдебиеті» газетінің өткен санында (01.07.2016 ж.) Мағауиннің «Жоқ өгізбен шайқас» атты мақаласы жарияланды. Онда қазір АҚШ-та тұратын жазушы ақын замандасын оңдырмай түйреп өткен. Ең алдымен ол Шахановтың өзі айтқан бір жайтқа күдікпен қарайды. Ақын бұл жерде Испанияға сапары кезінде коррида ойынын тамашалағаны туралы әңгімелеген. «Едәуір уақыттан кейін біреу шығып: «Сіздердің араларыңызда өгізбен айқасқа түсер талапкер бар ма?» – деп сұрады. Стадионда біздің 700 адамнан бөлек, басқа жақтан да кемемен, өзге көліктермен келген саяхатшылар жетерлік екен. Ешкім тіл қатпады. Ана жігіт екінші, үшінші рет дауыстады. Ешкім қозғала қоймады. Сол сәтте желке тұсымда отырған бір әйелдің «Біздің арамызда еркек кіндік мүлде жоқ екен-ау» деген сөзіне намысым қайнап кетіп, алаңға секіріп түстім…» депті Шаханов. Осылай істеп, жұрттың ризашылығына бөленгенін айтады ол. Ал Мағауин осыны аталған мақаласында кекесінмен баяндайды. Жалпы, мақаласы түгел сарказмнан құралған жазушы ақынның бұрындары айтқан тағы бір-екі сөзіне шүйлігеді.

Шаханов бір өлеңінде Бауыржан Момышұлына орысша сөйлегені үшін ескерту айтқанын, содан кейін өзінен батырдың кешірім сұрағанын баяндаған. Ал Мағауин бұл да мүмкін емес дегенге меңзейді. Сондай-ақ, ол Шахановтың ақын Қадыр Мырза-Әліні «Отанын сатқан опасыз» деп кінәлағанына да налиды.


Caravan.kz
тілшісі осы тұрғыда не айтатынын білу үшін Шахановтың өзіне хабарласқан еді. Ол «Испанияда болған жайт та, жалындаған жас кезімде Бауыржан Момышұлының өзін кешірім сұрауға мәжбүр еткенім де жүз пайыз рас» деп отыр. Қадыр Мырза-Әліге қатысты пікірінің де өзгермейтінін айтты. «Қадырдың ақындығы, сөз жоқ, мықты. Талантты адамы еді. Бірақ нағыз елдік мәселеге, ұлт мәселесіне келгенде, тайқып шықаны жасырын емес» дейді Шаханов. Оның айтуынша, кезінде Қ.Мырза-Әлі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға сатқындық жасаған көрінеді. «Сол кезде желтоқсандықтар сазайын тарттырамыз деп аушуға мінгенде, мен араша болдым» дейді Мұхаң. Сондай-ақ, ол Мағауиннің аталған мақаласына қарсы мақала дайындалып жатқанын жеткізді. Материал «Қазақ әдебиетінің» осы аптадағы санына шығуы мүмкін. Ал Мұхтар Махауиннің өзі туралы «Ол мені өмір бойы түртпектеумен келе жатқан адам ғой» деумен шектелді.

Қос Мұхтардың арасындағы сөз таласы осы ғасырдың басында көпшілікке мәлім болған еді. Ал даудың басы – Шыңғыс хан. Мағауин «ол менің бабам, қазақ» десе, Шаханов оның тек басқыншы, қанішер екенін дәлелдеуге тырысып, бұл айтыс көптеген қаламгерлердің, тарихшылардың қатысуымен бірнеше жылға созылған болатын.