Еліміздің әскери оқу орындары Қазақстанның әр аймағынан келген абитуренттерді қарсы алуға дайындық үстінде. 20-шілдеден бастап құжаттарын тапсырған және медициналық комиссиядан өткен үміткерлер іріктеудің өзге кезеңдерінен өту үшін әскери жоғарғы оқу орындарына келе бастайды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтемей жасай отырып Caravan.kz сайты хабарлады.
Талапкерлерді оқу ғимаратына орналастырып, жабдықтау қағидасына сәйкес тамақтандырумен қамтамасыз етеді. Әскери ЖОО-ға түсу үшін жасөспірімнің денсаулығы көрсетілген талаптарға сай жақсы болуы және ҰБТ бойынша төрт пәннен 50 баллдан кем болмауы қажет. Әскери оқу орындарына азаматтық тұлғалармен қатар ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері де түсе алады.
Іріктеу бірнеше кезеңдерден тұрады. Алғашқы іріктеу кезеңі – алдын ала медициналық куәландыру, бірінші кезең – ЖОО-да өтетін алдын ала кәсіби-психологиялық іріктеу, екіншісі – дене даярлығын тексеру, үшінші кезең – соңғы медициналық куәландыру. Төртінші кезеңде талапкерлер соңғы кәсіби-психологиялық ірітеуден өтеді. Ал одан кейін конкурстық іріктеу басталады. Оқуға қабылдаумен қорытынды жасалады. 21-ші тамызға дейін іріктеудің барлық кезеңінен мүдірмей өткен талапкерлерді оқуға түскендердің тізіміне қосады.
Естеріңізге сала кетейік, жыл сайын ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери жоғарғы оқу орындарына 1000-ға тарта қазақстандықтар оқуға түседі. Әскери білім берудің отандық жүйесін дамытып, жетілдіру және әскери кадрларды сапалы деңгейде даярлау мақсатында тұрақты түрде оқытудың жаңа бағдарламалары енгізіліп іске асуда. Осының арқасында Қорғаныс министрлігінің әскери білім беру мекемелерінің курсанттары бірінші курсты тәмамдаған соң оқуын шетелдік әскери оқу орындарында жалғастыруға мүмкіндік алды.
Сонымен қатар, осы жылы жаңа мамандық түрлері енгізілді. Яғни, 2016-2017 оқу жылында Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтында алғаш рет әскери-медициналық факультет құрылды. Сондай-ақ, Құрлық әскерлерінің Әскери институтында «Әскери істегі менеджмент», «Әскери істегі логистика», «Әскери істегі құқық» мамандықтары бойынша курсанттарды оқытуды бастайтын болады. Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында «Әскери істегі радиоэлектроника және инжиниринг» мамандығы бойынша білім беру жүргізіледі.