Кинорежиссер Талғат Жәнібеков министр Арыстанбек Мұхамедиұлын ақша сұрады деп айыптап, даулы бейнемәлімдеме жасады. Бұл туралы NewTimes.kz агенттігіне сілтеме жасап Caravan.kz хабарлайды.
Кадрде Талғат Жәнібеков «Феникс» атты ғылыми-фантастикалық триллерді аяқтай алмайтынын мәлімдеген.
Автор кино туындыны ғарышкерлер күні қарсаңында тапсыруды жоспарлапты. Бірақ, түсіру жұмыстары тоқтап қалған. Режиссер Жәнібековтың пайымдауынша, оған еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы кінәлі.
«Феникс» картинасын түсіріп, оны ғарышкерлер күні көрерменге ұсынуды жоспарлап едік. Бірақ оймыз іске аспады. Өйткені, Мәдениет және спорт министрлігінің басшысы болып Арыстанбек Мұхамедиұлы тағайындалды. Жаңа басшы кезінде біздің картинанының жұмысын заңсыз тоқтатты. Қазір алға жылжи алмай отырмыз»,- дейді қоюшы режисер бейнекадрде.
«Арыстанбек Мұхамедиұлы сан мәрте оғаш қылықтарымен халықққа күлкі болды. Әйтседе, бұл жолғы күлкі – ащы күйініштің күлкісі. Жыларман күйде тұрып, күлуге мәжбүрміз. Егер мұндай адам ведоствоны басқарып отырса, әлем біз туралы не ойлайды»,- деді ол.
Оның айтуынша, жобаны тоқтатып тастағасын, түсірілім тобы сотқа жүгінген.
"Біз бірнеше соттың алдынан өттік. Мен мұның бәрі қоңырау арқылы шешілетінін түсінемін. Америкалық әріптестерім дәйекке толы барлық құжаттар бола тұра, сотта жеңіліс тапқанымызға таң қалды. Сонда бұл кішігірім халықаралық дау болды ғой", — дейді режиссер
Режиссер түсірілімнің қайта жандануы үшін министрдің ақша сұрап жүргенін тұспалдап жеткізген.
«Билік жұмыс істемейді. Біз мұнда ұрлық болып жатқанын дәлелдейтін құжаттарды көрсеттік және оған "Қазақфильм" АҚ-ның вице-президенті Серік Жұбандықов пен Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысы барын дәлелдейтін құжаттарды көрсеттік. Мұхамедиұлының адамдары қисынсыз ұсыныстар жасады. Мен қарсы болдым. Былықтың бәрі осыдан басталып, жобамызды тоқтатып тастады", — дейді Жәнібеков.
Еске сала кетсек, «Феникс» кинофильмі төңірегіндегі дау 2015 жылдан бері жалғасып келеді. Бұған дейін министр Арыстанбек Мұхамедиұлы жобаның не үшін тоқтап тұрғанын түсіндерген болатын. Түсірілім тобына кей тұстарын жөнге келтіру тапсырылған.
«Феникс фильміне 100 млн теңге бөлінді. Олар тиісініше өз ісінің мамандарын тарту керек еді. Ал бір адамның өзі режиссер, өзі продюсер, өзі сценарий авторы болуы күмән туғызады. Егер ол Ермек Тұрсынов, Ардақ Әмірқұлов секілді өз ісінің хас шебері болса күмәнданбас едім. Ол өзім түсірем деп табандап отыр. Онымен қоймай 550 млн теңге сұрап отыр. Бұл дегеніңіз 3 млн доллардан көп. Мен «Феникс» кинокартинасына қарсы емеспін. Бірақ алдымен олар сценариді реттеп, өз міндеттерін жөнге келтірсін»,- деді министр.
Жәнібековтың айтуынша, жұмыс тобы ресей-америкалық компания «Aldamisa Entertainment» басшыларымен келіссөздер жүргізген. Олар «Қазақфильм» АҚ-мен ынтымақтасуға келісіпті. Бірақ, қазір Қазақстан жағы келісім шарттағы өз міндеттерін орындамай отыр.