Қарулы топ кепілге алған жеті адамның үшеуін босатқан, деп жазады Азаттық Радиосы.
17 шілдеде таңертең кем дегенде он адам Ереванның Эребуни ауданында полицияның патруль-пост қызметі полкі аумағын басып алып, адамдарды кепілге алған. Қарулы топ оппозициялық "Құрылтай парламенті" қозғалысының жетекшісі Жирайр Сефилянді қамаудан босатуды, Армения президенті Серж Саргсяннің отставкаға кетуін талап етеді. Сефилян өткен айда қарулы көтеріліс жасауды жоспарлады деген айыппен қамауға алынған.
Кейбір ақпар бойынша, қарулы топ пен кепілде отырған бірнеше полиция қызметкеріне тамақ пен қажетті дәрі-дәрмек жеткізілген. Бұған дейін Армения полициясы бастығының бірінші орынбасары генерал Унан Погосян кепілге алынғандар арасында полицияның жоғары шенді екі шенеунігі барын мәлімдеген.