«Қалқаман шағын ауданында Сафар Шәкеевті іздестіру барысында кездейсоқ табылған жігіт анасымен қауышты. Анасы Семейден келді. Жігіттің есімі — Махмұд Алинов. Енді Сафар Шәкеевте табылса екен деп тілейміз. Оны қаншама адам іздеп жатыр. Алматылықтар күн сайын біздің штабқа келіп, қолдау көрсетуде. Ерікті болып, іздеу шарасына қатысып жатыр», — деді өзінің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында қоғам қайраткері Бекнұр Қисықов.
Ол сонымен қатар, Сафардың тағдыры үшін Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және басқа да елдердің тұрғындары да уайымдап жатқандығын жеткізді. Олар Сафардың табылатындығына тілектестігін білдіріп, хат жазып жатыр.
«Халықтың Еркеш Шәкеевке деген сүйспеншігілігінің зор екендігі соншалық, бүкіл әлем елдерінен адамдар Сафардың табылғанын тілеп, тағыры үшін уайымдап жатыр», — дейді Б. Қисықов.
Одан басқа, ол Сафар туралы өзінің естелігімен бөлісті. Сафар өткен жылы әлеуметтік жарнама бойынша байқауда бірінші орынды жеңіп алған екен.
«Оның «Табиғатты аялаймыз, Қазақстанды сүйеміз» деп аталатын өте сапалы жасалған ролигі, минифильмі жүрегімізді елжіретті», — деді ол.
Естеріңізге сала кетелік, 1991 жылы туған Сафар Шәкеевтің із-түссіз жоғалғаны туралы арыз 2016 жылы 16 шілдеде Медеу аудандық ІІД сағат 22:00-де келіп түскен.