Күйеуінің өтінішімен қас жұлу мәселесі жайында Ханафи ғалымы Ибн Ғабидин былай дейді, деп жазады islam.kz.
«Хадистегі[1] «ән-Нәмс» сөзінің мағынасы жүзіндегі қылды жұлу деген сөз. Бұндағы тыйым — бөгде біреулерге әдемілену мақсатында жұлған әйелге қатысты болса керек. Ал, күйеуіне сүйкімсіз етіп көрсететін жүзіндегі түгін алып тастауды харамға жатқызуға болмайды. Олай болған себебі әйелдерге (күйеуінің алдында) әдемілену қажет дүние».[2]
Шафий мәзхабының беделді ғұламасы он төртінші ғасырда өмір сүрген Мұхаммед ибн Шихәбуддин Ахмад әр-Рамлии өзінің «Нихаятул Мухтаж» атты шархында мынадай уәжді алға тартады:
«Әт-Тәнмис (التنميص) дегеніміз, ол – әдемілену үшін бетіндегі түгі мен қасын алу болып табылады. Егер әйелге күйеуі рұқсат етсе, оның бұл әрекеті күнә емес. Өйткені мақсат күйеуі үшін әдемілену…»[3]
Мәлики мәзхабының ғалымы Али ибн Ахмад әл-Ъадәуи әл-Мәлики (х. 1112-1189/м.1700-1775 ж.) өзінің бір сөзінде де былай дейді: «Күйеуі бар әйелге, ерінің рұқсатымен қасын жұлуына болады дейді ғұламалардың көпшілігі. Өйткені бұл да әдеміленудің бір түрі… Әйел өзінің ері үшін әдеміленуге шариғатта бұйырылған…»[4]
Сондай-ақ, кей ғұламалардың айтуынша қалың қасты аздап алу хадистің аясына кірмейді. Өйткені ол хадисте айтылған «намс» ұғымына жатпайды. Ал, харам болған «намс» – қасты түгелдей жұлу дейді олар. Сондай-ақ осы күнгі мамандар арасында қасты шеттен шықпай, аздап ретке келтіруге болатындығын айтатындар да жоқ емес[5].
Ендеше, күйеуіңіздің өтініші бойынша қасыңызды ретке келтіруіңіз күнә болмайды. Бұл көпшілік ғұламалардың пікірі[6]. Тек мына екі мәселені ескергеніңіз жөн:
- Ниетіңіз жарыңызға әдемі көріну болуы тиіс.
- Имам ән-Нәуауи секілді кейбір ғалымдар қасты мүлде жұлуға болмайды деп қарсы фәтуа берген. Сондықтан әйел кісінің қасы көзге ерсі көрінетіндей тым қалың болмаса, тақуалық тұрғысынан жұлмаған абзал. Ал жұлған жағдайда тым жіңішкертпей, аздап ретке келтіруінің ағаттығы жоқ. Хадисші Әбу Дәуід хадисте келген «Намиса» сөзіне: «Қасты жіңішке болғанша жұлғанды айтады», — деп анықтама берген[7].
[1] Өйткені, Алла Елшісі (с.а.у.) өзінің бір хадисінде: «Жасанды шаш кигендер мен кигізгендер және қастарын (немесе беттегі қылды) жұлғандар мен жұлғызғандар, сондай-ақ денеге сурет салғандар мен салғызғандар Алланың лағынетіне душар болады», – деген. Әбу Дауд, Тәрәжжүл-5 (4170). Бухари, Муслим т.б.
[2] Хашияту Ибн Ғабидин – әл-Хазр уәл Ибаха – 9/536 бет.
[3] Ниһаятул Мухтаж: Китабус сала -2/5бет. Байрут. باب يشتمل على شروط الصلاة وموانعها
[4] (Әл-Маусуғатул фиқһия – 14/81 бет. Кувейт.
[5] Фатауа Муъасыра – 176 бет. Дарул фикр, 2006 ж., Дамаск-Сирия.
[6] Әл-Маусуғатул фиқһия – 14/81 бет. Кувейт.
[7] والنامصة التي تنقش الحاجب حتى ترقه