Рио-2016: Иван Дычко екінші мәрте Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Рио-2016: Иван Дычко екінші мәрте Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды

Рио-2016: Иван Дычко екінші мәрте Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бүгін жартылай финалда жұдырықтасқан Иван Дычко Ұлыбритания боксшысы Джозеф Джойстан ұтылып қалды.

  • 20 Тамыз 2016
  • 708
Фото - Caravan.kz


Ол бірінші раундта 49 келі салмақтағы боксшыдай еркін жүгіріп жұдырықтасты. Нәтижесінде алғашқы раундта үш төреші де ұпайды қазақстандық боксшының еншісіне жазды. Екінші және үшінші раундтарда Дычко алғашқы қарқынынан қайтып, қорғана жүріп ұрыс салды. Алайда, төрешілердің шешімімен Ұлыбритания боксшысы Джозеф Джойс Дычкодан басым түсіп, финалға жолдама алды. Ал қазақ боксшысы жартылай финалда қарсыласына жол беріп, қола жүлдені місе тұтты. Ол осыған дейін Лондон олимпиадасында да жартылай финалда қарсыласына жол беріп, қола жүлдегер атанған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, Иван Дычко ширек финалда нигериялық Эфе Аджагбаны ұтып, жартылай финалға жолдама алған болатын. Оның алдындағы алғашқы жекпе-жегінде басты қарсыласы әзербайжандық Могамедрасул Меджидовті екінші раундта техникалық нокаундпен ұтып, ширек финалға шыққан еді. Ал Джозеф Джойс 1/8 финалда Кабо-Верде елінің боксшысы Дэвилсон Мораишты нокаутпен, ширек финалда өзбекстандық Баходир Джололовты 3:0 есебімен ойсырата жеңген болатын.

Айта кетейік, біздің құрамада Данияр Елеусінов 69 келіде алтын алса, 81 келіде Әділбек Ниязымбетов пен 91 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Василий Левит күміс еншілеген еді. Міне, бүгін Дычко Қазақстан қоржынына кезекті қола медальды салды.