Блогер Петр Воликов ресейлік форвард Андрей Аршавиннің «Қайрат» футбол клубына ауысқан сәтінде ресейлік ойыншының Қазақстан премьер-лигасында жарытып ойнай алатынына күмән келтірген болатын. Журналист тіпті бәске де барған болатын — егер Аршавин «Қайрат» үшін 8 гол салатын болса, онда Петр шашын тақырлап тастайтындығын мәлімдеген.
Кеше, 25 қыркүйекте «Ақтөбе» командасына қарсы өткізген ойында Аршавин чемпионаттағы 8-голын салды. Матчтан соң, футболшы блогерге арнап бейнехабарлама жолдады.
«Петр, сәлеметсіз бе! Футбол маусымы басталғанда, «егер Аршавин 8 гол салатын болса, шашымды тақырлап алып тастаймын» деп айтуға дәтіңіз барған болатын. Бүгін бұл оқиға орын алды, Сіздің қуанышыңызға ма, қайғыңызға ма, білмеймін. Сондықтан уақыты мен кездесетін жеріңізді айтыңыз, мен өзім келіп, сол уәдеңізді орындауға дайынмын!», — деді Андрей Аршавин блогерге арнаған бейнероликте.