Кейкі батыр кім? - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Кейкі батыр кім?

Кейкі батыр кім?

Кейкі батыр 1916 жылы Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілісінің қаһарманы, атақты мерген. Орта жүз құрамындағы Қыпшақ тайпасының Құланқыпшақ руынан шыққан.

  • 6 Қазан 2016
  • 1321
Фото - Caravan.kz

1871 жылы Қостанай облысы Аманкелді ауданының Байтума қопасында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Нұрмағамбет, деп жазады egemen.kz.

Кейкі Жыланшық болысының алпауыты Р.Шашамбайұлының малын қорып, дұшпанға қарсы салатын батыры болған. Жастайынан аңшы, мергендігімен, өжеттігімен танылады. Құралайды көзге атқан мергендігінен ел аузында «Амангелдінің көзі мерген, Кейкінің қолы мерген» деген сөз қалған.

Кейкі Көкембайұлы Ресей патшасының қазақтан әскерге адам алу туралы 1916 жылғы маусым жарлығынан кейін көтерілген Торғай қазақтары көсемдерінің бірі болды. Ол көтерілісшілердің негізгі қарулы күші – мергендер жасағын басқарады. Ең қауіпті тапсырмаларды орындап, барлауға шығып тұрған. Күйік қопасындағы соғыста, Торғай қаласын қоршау кезінде және патшаның жазалаушы отрядтарына қарсы соңғы ұрыс – Доғал шайқасында ерекше ерлік көрсетті.

Кейкіні көрген, соңына ерген адамдар көзсіз батырлығын, көздегенін құр жібермейтін мергендігін жыр қылып айтқан. 1919 жылы 18 мамырда Торғай ояздық соғыс комиссары, халық батыры Амангелді Иманов өлтірілгеннен кейін Кейкі батыр қуғынға ұшырайды. Бұл сүргін Торғайда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де толастамайды. Кейкі біраз жыл Ұлытау, Қызылқұм жағында бой тасалайды. 1923 жылдың көктемінде арнайы тапсырмамен өзін алдап қолға түсіруге келген комиссар А.Токаревтің сөзіне сеніп Торғайға оралады. Алайда, шын ниетін сезіп қалып, Александр Токаревті жолда атып тастайды. Бірақ өзі сол күні ізіне түсіп, артынан алыстан аңди еріп келе жатқан қызыл әскер солдаттарының қоршауына түседі. Солдаттар Кейкіні өлтіріп, екі қолы мен басын кесіп алады. Батырдың басын бір ай бойы Торғай қаласының орталық алаңына сырыққа шаншып қояды.

Кейін бас сүйек Орынборға жөнелтіледі. Ал 1926 жылы республика астанасы Қызылордаға көшуіне байланысты, Санкт-Петерборға алып кеткен. Содан бері Петербордағы антропологиялық қордың кунсткамерасында сақтаулы тұрды.


Әдебиеттегі Кейкі батыр.

Кейкі батыр Ғабит Мүсіреповтің «Амангелді» пьесасындағы негізгі кейіпкерлердің бірі. Мақан Жұмағұловтың «Қыран қазасы қияда» кітабында жұмбақталып айтылады. Кейкінің образы Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» романында бар. Алайда кітап кеңес заманында шыққандықтан аты аталмаған. Кейкі бейнесі өз атымен анық айтылған шыққан шығармалардың бірі – Серік Тұрғынбекұлының «Кейкі батыр» тарихи дастаны.

Кейкі батыр Көкембайұлының ұрпақтары Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Ақтас, Тасты елді мекендерінде тұрады. 1996 жылы Кейкі батырдың 125 жыл толуына байланысты ас беріліп, ескерткіш орнатылды.