Бұл бөріктің музей қызметкерлерінің қолына қалай түскенін Бұқар жырау атындағы мұражай директорының орынбасары Мағзия Қайырбекқызы әңгімелеп берді.
–1969 жылы түсірілген «Найзатас баурайында» фильмінің біраз сюжеттері Баянауыл өңірінде түсірілген деседі. Алматыда фильмнің түсірілімі аяқталғаннан кейін Шәкен Айманов қосымша түсірілімдер жасау үшін Баянауыл баурайына қайта келген екен. Кері қайтып бара жатқанда жолай Павлодар қаласына тоқтап, немере ағасы Орал Мұзапаровтың үйіне қонады. Сонда режиссер: «Әртістердің қалтасында қайбір жөнді ақша болсын? «Қуыс үйге құр барма» демекші бірнеше фильмдерге түскен әйгілі бөрігімді тастап кетейін»,- деп үй иелеріне қалдырған екен. Мұзапаровтар әулеті Шәкен ағамызға үш атадан қосылатын немере аға болса керек. Ол кісілер көне жәдігерді көзінің қарашығындай сақтап, үйінде біраз жыл ұстаған. 1970 жылы Шәкен ағамыз қайтыс болды. Ағасы бөрікті үйде сақтағаннан гөрі музейде тұрсын деген ниетпен «Бұл тарихи жәдігер болғандықтан халыққа ортақ естелік, жұрт көрсін-білсін» деп, бізге әкеліп тапсырды. Бұл – Орал Мұзапаров ағамыздың тарапынан адамгершіліктің, тарихқа деген, Шәкен ағамызға деген құрметінің белгісі деп ойлаймын.
Мағзия Қайырбекқызының айтуынша, музей қызметкерлері 2004 жылы қазақ кино өнерінің жұлдызы Шәкен Аймановтың 90 жылдығына байланысты Павлодардағы Шәкен Айманов атындағы кинотеатрда көрме өткізген. Сол көрмеге Шәкен бабамыздың туыстары, замандастары жиналыпты. Сол жиында Орал Мұзапаров ағамыз көзі тірсінде Шәкеннің тері мен еңбегі сіңген құнды заты – бөрігін музей қорына сыйға тартыпты.
«Алдар-Көсе» фильмі – Шәкен Аймановтың кино өнеріндегі Алдар-Көсе рөлін сомдаған ірі шығармасы. Экранда халықтың сүйікті кейіпкері өзінің ақылдылығымен, тапқырлығымен, кең пейілділігімен, ұшқыр ойымен, даналығымен танылады және осының бәрі әзіл-қалжыңымен жеткізіледі. Алдар-Көсе рөліндегі Шәкен Аймановтың шеберлігі халық ертегісін қазіргі кезбен байланыстырып, әрі Алдардың көзқарасын, тәлім-тәрбиесін бүгінгі күннің түсінігімен жеткізе білуі. Актердің өте шынайы ойыны экраннан Алдардың өзін көргендей әсер қалдырады.
Мағзия Қайырбекқызы бұл бөріктің Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі үшін өте құнды жәдігер екенін айтады.