«Өз автокөлігімен Қарағанды облысына шығып жоғалып кеткен 40 жастағы Астана қ. тұрғынын іздестіру үшін ішкі істер департаменті жедел-іздестіру тобын құрды. Іздестіру жұмыстары барысында полиция қызметкерлері Қарағанды облысындағы су қоймаларының бірінен автокөлікті тапты, оның салонында із-түзсіз жоғалған ер адамның мәйіті болған. Аталған факт Сотқа дейінгі бірыңғай тергеу реестріне ҚР ҚК 99-бабы, 1-бөлімі бойынша тіркелді», — деп хабарлады Қарағанды облысы ІІД баспасөз қызметі.
Полицияның атап өтуінше, жедел іздестіру шаралары барысында 30 қазан күні криминалды полиция бөлімінің қызметкерлері Абай қаласының 30 жастағы тұрғынын ұстады. Ол зардап шегушімен араз болғанын және оны 23 қыркүйек күні өз пәтерінде өлтіргенін мойындады. Өз қылмысының ізін суыту мақсатында мәйітті автокөлікке салып, суға жіберген. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүріп жатыр.