Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен 1 қарашада «Тәуелсіз Қазақстан!» деп аталатын пойыз сапарын бастайды. Бұл пойыз сапары Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналғандықтан, егемендік жылдарындағы ел жетістіктерін, бастамаларын насихаттап, xалық рухын көтеруге негізделген. Екіншіден, халықтың «Мәңгілік Ел» идеясы төңірегінде жұмылдырылуына ықпал етіп, патриоттық идеяны насихаттау шаралары ескеріліп отыр. Ал үшінші бағытта медициналық, әлеуметтік, сонымен қатар құқықтық, ауыл шаруашылығы, білім беруді, бизнесті дамытуға қатысты халықты толғандырып жүрген мәселелер бойынша кеңес беру жұмыстары қамтылады.
«Жалпы республика бойынша, Тәуелсіздігімізге байланысты 200-ден аса үлкен іс-шаралар өтпек. Соның бірі бүгін, мына, «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы аймақтарға, елдімекендерге жол тартқалы отыр. Мақсат — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастаған ұлы істерді, жеңістерді паш ету, алға қойған міндеттерді, «100 нақты қадам» бағдарламасының негізгі бағыттарын түсіндіру. Сонымен қатар медициналық көмек, әлеуметтік қолдау, барлық бағытта — «Жұмыспен қамту», «Бизнестің жол картасы» бағдарламалары бойынша әр түрлі кеңестер беру көзделіп отыр. Өнер, әдебиет, қоғам қайраткерлері, бір топ болып, халықпен жақсы кездесулер өткізеді», — дейді ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, пойызда жасақталған топтың құрамында ҚХА атынан сайланған депутаттар бар. Олар әрбір тоқтаған стансада қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырады. Сонымен қатар бірқатар министрліктер, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «ҚазАгро» өкілдерінен тұратын 70-тен астам мамандар жұмыс істейді. Бұдан бөлек, өнер адамдары, ғылым саласының өкілдері пойыз тоқтаған әрбір стансада қызмет көрсетеді. Әрбір бекетте халық үшін игілігі мен қажеттілігіне орай ауқымды мәселелер шешіледі деп жоспарлануда.
«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы» акциясы өз жұмысын 14 желтоқсан күні Алматы қаласында аяқтайтын болады. Акция кезінде пойыз республика бойынша 35 елдімекенге тоқтап, жергілікті халыққа, оның ішінде зейнеткерлерге, мүгедектерге, ҰОС ардагерлеріне және шалғайда орналасқан ауыл тұрғындарына қажетті қызметтер ұсынылатын болады.