Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында тұратын ерлі-зайыптылар мемлекеттік шекарадан заңсыз өтіп, террористік топқа қосылуға ниеттенгені үшін жазаға тартылды. Бұл туралы Baq.kz агенттігінің Қарағандыдағы тілшісі облыс прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Сәтбаев қаласының тұрғындары, ерлі-зайыпты Ұ.Тұрсынбаев пен Б.Сағатова сәбилерімен бірге осы жылдың наурыз айында ел шекарасынан заңсыз өтіп, Қырғызстанның Бішкек қаласына барып, кейіннен Түркия арқылы Сирияға өтуді жоспарлаған. Ұ.Тұрсынбаев Сирияда «ДАИШ» халықаралық террористік ұйымының қатарына қосылып, қарулы «джихадқа» қатысуға ниеттенген.
«Сәтбаев қаласы сотының үкімімен Ұ.Тұрсынбаев мемлекеттік шекарадан заңсыз өткені және террористік топқа қосылуға ниеттенгені үшін 6 жылға сотталса, ал оның зайыбы Б.Сағатова шартты түрде 6 айға бас бостандығынан айырылды», — деп хабарлайды Қарағанды облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.