Хабарда айтылғандай, сырт алаңда өткен алғашқы ойында «Астана» 2:1 есебімен жеңіске жеткен болатын. Жартылай финалға жолдама алған тағы бір команда алматылық «Қайрат» «Атырауды» екі матчта да тізе бүктірді. Енді қос команда Қазақстан Кубогын сарапқа салады.
Матч аяқталған соң Станимир Стойлов команданы құттықтап, осы маусым оңай болмағанын атап көрсетті.
«Осы маусым менің командам үшін өте қиын болды. Маусым басындағы біздің кішігірім мақсатымыз Қазақстан Кубогы финалына шығу болатын. Финалдық ойында бүгінгі ойынмен салыстырғанда мүлде басқаша, жинақы ойын көрсетеміз. Бүгінгі ойында көптеген қателіктер жіберді. Жастарға ол әр кез кешірімді. Дегенмен, біз жас ойыншыларды алаңға шығарып, өздерін көрсетуге мүмкіндік береміз. Сол мүмкіндіктерін барынша сәтті пайдалана алғаны дұрыс», — деді команданың бас бапкері.
Сондай-ақ, ол «Қайрат» «Астананы» үш матчта жеңгенін, бұған қоса, елордалық футболшылар Суперкубок үшін күресте есе жібергенін, бірақ осыған қарамастан, ойыншылар Кубок үшін барын салатынын айтты.