Елбасының шетелдерден алған марапаттары туралы айтылды - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Елбасының шетелдерден алған марапаттары туралы айтылды

Елбасының шетелдерден алған марапаттары туралы айтылды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басқа елдерден алған марапаттарының көп екені мәлім. Бірақ былайғы жұрт олардың бәрінің атын атап, түсін түстеп бере алмайды.

  • 17 Желтоқсан 2016
  • 1978
Фото - Caravan.kz

Енді солардың тізімін El.kz жариялап отыр. 

«Италия Республикасына сіңірген еңбегі үшін» орденінің Үлкен Таспасымен безендірілген Үлкен Крест Кавалері» ордені. 1997 жыл.

Ел: Италия Республикасы

Марапаттау күні: 1997 жыл

Марапаттың статуты. Орденнің 5 дәрежесі бар: 1. Үлкен Крес  Кавалері ордені. 2. Жоғары офицер. 3. Командор. 4. Офицер. 5. Кавалер.

Бұл марапатпен ғылымға, өнерге, әдебиетке, экономикаға еңбек сіңірген, белсенді мемлекеттік және әлеуметтік қызмет істеген жандар, қайырымдылық жасаушылар және гуманитарийлер, сондай-ақ мемлекеттік және әскери қызметте ұзақ та жемісті еңбек еткендер марапатталады. Аса зор еңбегі үшін «Үлкен Таспа» бумасымен марапатталады. Үлкен Крест Кавалері мен Үлкен Таспаның үйлесімі Италияның жоғары наградасы болып есептеледі және олармен мемлекеттердің басшылары ғана марапатталады.

Н. Назарбаев орденнің Жарғысына сәйкес «Италия Республикасына сіңірген еңбегі үшін» марапатталған.

 

I дәрежелі «Князь Ярослав Мудрый» ордені

Елі: Украина

Құрылған күні: 1997 жыл

Марапаттың статуты. «Князь Ярослав Мудрый» орденімен Украина мемлекетіне – мемлекеттік құрылыс саласында, Украинаның халықаралық беделін нығайтуға, экономиканы, ғылымды, білімді, мәдениетті, денсаулық сақтауды дамытуға – сіңірген зор жеке еңбегі, үлкен гуманистік және қоғамдық қызметі үшін марапатталады. Орденнің 5 дәрежесі бар. I дәрежелі орденмен егемен мемлекеттердің басшылары марапатталады.

Н. Назарбаев I дәрежелі «Князь Ярослав Мудрый» орденімен Украина мен Қазақстан Республикасы арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамытуға қосқан аса зор үлесі үшін марапатталған. 

«Әулие апостол Андрей Первозванный» ордені. Ресей Федерациясы. 1998 жыл.

Елі: Ресей Федерациясы

Құрылған күні: 1998 жыл

Марапаттың статуты. «Әулие апостол Андрей Первозванный» орденімен Ресейдің гүлденуіне, айбыны асып, даңқы артуына ықпал еткен аса зор еңбегі үшін Ресей Федерациясының көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, басқа да азаматтары марапатталады, сондай-ақ Ресей Федерациясына сіңірген зор еңбегі үшін шет мемлекеттердің басшылары мен үкіметтерінің басшылары да марапатталуы мүмкін.

Президент Н.Назарбаев бұл орденмен Ресей мен Қазақстан халықтарының арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін марапатталды.  

«Буюк хизматлари учун» («Зор еңбегі үшін») ордені.

Елі: Өзбекстан Республикасы

Құрылған күні: 1998 жыл

Марапаттың статуты. Президент Н.Назарбаев «Буюк хизматлари учун» орденімен Өзбекстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы достық пен өзара тиімді ынтымақтастық қарым-қатынастарды дамытуға, тарихи қалыптасқан өзбек-қазақ мәдени, рухани және экономикалық байланыстарды одан әрі тереңдетуге, екі елдің халықтары арасындағы дәстүрлі тату көршілік дәнекерлікті нығайтуға қосқан аса зор үлесі үшін марапатталды. «Буюк хизматлари учун» орденімен Өзбекстан Республикасының азаматтары мен шет мемлекеттердің азаматтары ғылым мен техниканы, экономика мен мәдениетті дамытуға сіңірген үлкен еңбегі, мемлекетаралық ынтымақтастықты дамытуға, Өзбекстанның халықаралық беделін арттыруға бағытталған ішкі және сыртқы саясатты жүзеге асыруға қосқан елеулі үлесі үшін марапатталады. 

«Румыния жұлдызы» Үлкен крест орденінің Кавалері

Елі: Румыния

Құрылған күні: 1999 жыл

Марапаттың статуты. Орденмен Румыниямен достық қарым-қатынастарды дамыту ісіне сіңірген айрықша еңбегі үшін немесе Румыния мемлекетіне сіңірген айрықша еңбегі үшін румын және шетел азаматтары наградалады. Орденнің 6 дәрежесі бар: рыцарь, офицер, командир, аға офицер, үлкен крест, алқа. Әскери емес азаматтарды жоғары дәрежелі «Стяуа Ромынией» орденімен (орден алқасымен) марапаттау оған армия генералы, авиацияның генерал-инспекторы немесе адмирал әскери шені берілгенмен тең. 10 мамырда Орден күні мерекеленеді. Румыния тәуелсіздік алған 1877 жылы Румынияның Королі I Кароль «Стяуа Ромынией» орденін белгілеу жөніндегі заңға қол қойды. 1943 жылы Румынияның бұрынғы наградалар жүйесі жойылып, орден тек 1999 жылы ғана қайта қалпына келтірілді.

Н. Назарбаев «Румыния мен Қазақстан Республикасы арасындағы өзара түсіністік қарым-қатынастарды, бейбітшілік пен ынтымақтастықты дамытуға қосқан айрықша ролін тану белгісі ретінде» марапатталды.

«Австрия Республикасына сіңірген еңбегі үшін Үлкен Құрмет Жұлдызы» ордені

Елі: Австрия Республикасы

Құрылған күні: 2000 жыл

Марапаттың статуты. Австрияның азаматтары мен шет мемлекеттердің өкілдеріне аса зор еңбектері үшін тапсырылады. Орденнің бірнеше дәрежесі бар, ең жоғарысы ­­– «Үлкен Құрмет Жұлдызы». Н. Назарбаевқа марапат Австрия мен Қазақстан арасындағы экономика, саясат және мәдениет салаларындағы достық байланыстарды нығайту ісіне сіңірген зор еңбегі үшін тапсырылған.

«Ұлы Витаутас» бірінші дәрежелі ордені

Елі: Литва Республикасы

Құрылған күні: 2000 жыл

«Исмоили Сомони» ордені.

Елі: Тәжікстан Республикасы

Құрылған күні: 2000 жыл

Марапаттың статуты. «Исмоили Сомони» орденімен еңбектегі жоғары жетістіктері үшін, мемлекеттік құрылыс ісіне қосқан елеулі үлесі, әскери қызметтегі, әлеуметтік-мәдени саладағы, қоғамдық және қайырымдылық қызметтегі үлкен табыстары үшін мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылым және мәдениет қайраткерлері, басқа да адамдар марапатталады.

Н. Назарбаев «Исмоили Сомони» орденімен Тәжікстан мен Қазақстан халықтары арасындағы дәстүрлі туысқандық байланыстарды, тәжік-қазақ қатынастарын, достық пен өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге сіңірген үлкен еңбегі, Тәжікстанда бейбітшілік орнатуға қосқан маңызды үлесі, сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының халықтарын жақындастырудағы қажымас күш-жігері үшін марапатталды. 

«Әулие Михаил мен Әулие Георгий Орденінің Үлкен Кресі».

Елі: Ұлыбритания

Құрылған күні: 2000 жыл

Марапаттың статуты. Орден Совереннен, Гранд-мастерден және иелерінің үш деңгейінен тұрады:

1. Үлкен Крест Орденінің Кавалерлері мен Үлкен Крест Орденінің Ханымдары.

2. Командор Орденінің Кавалерлері мен Ханымдары.

3. Орденнің Серіктестері.

Сондай-ақ орден иелерінің үш дәрежесі бөлініп көрсетіледі: Құрметті иелері, Кәдуілгі иелері, Қосымша иелері.

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев бірінші дәреженің Құрметті иегері болып табылады ­– оған «Әулие Михаил мен Әулие Георгий Орденінің Үлкен Кресінің» Құрметті Кавалері атағы берілген. Орден Н.Назарбаевқа ядролық қарусыздану ісіне сіңірген еңбегін тану белгісі ретінде тапсырылған.

 

Құтқарушы ордені Үлкен крестінің Кавалері.

Елі: Грекия

Құрылған күні: 2001 жыл

Марапаттың статуты. «Құтқарушы ордені» грек ордендерінің біріншісі және оның 5 дәрежесі бар. Онымен соғыс іс-қимылдары кезінде елдің мүддесін қорғаған көрнекті грек азаматтары, сондай-ақ Грекияға немесе шет елдерге ерекше зор қоғамдық еңбек сіңіргендер де марапатталады. Орденмен сондай-ақ грек азаматы емес адамдар да марапатталады.

Орденнің берілуі грек мемлекетіне сіңірген зор еңбегін тану және қоғам өмірінің түрлі салаларындағы, ғылымдағы, өнер мен әдебиеттегі, ауыл шаруашылығындағы, өнеркәсіп, сауда, көлік саласындағы аса зор табыстары немесе адамдарға жақсылық жасаудағы үздік өнегесі үшін берілетін марапат болып саналады. Шетел азаматтары өздерінің лайықты жеке қасиеттерін немесе айрықша артықшылық жағдайларын немесе Грекияға қызмет ету ісіндегі табыстарын тануы ретінде тиісті ерекшелік белгілерінің берілуіне талаптана алады.

 

«Ұлы Даницаның белгісі бар таспадағы Король Томислав» ордені

Елі: Хорватия

Құрылған күні: 2001 жыл.

Марапаттың статуты. «Ұлы Даницаның белгісі бар таспадағы Томислав король» ордені – елдің жоғары марапаты. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевқа Хорватия Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы достық байланыстарды дамытуға қосқан үлесі үшін берілді. 

«Пий Ордені»

Елі: Ватикан Мемлекеті

Құрылған күні: 2001 жыл

Марапаттың статуты. Пий Ордені  –­ Папаның «Рим Понтификі мейірбандығының айрықша белгісі ретінде халықтардың жоғары билеушілері мен өте жоғары мәртебе иелеріне тапсыратын жоғары марапаты. Осы Кавалерлік орден арқылы өздерінің белгілі істерімен Шіркеу мен Мемлекетке еңбегі сіңген адамдарға тиісті құрмет көрсетіледі».

Бұрын Пий ордені үш деңгейлі болған. Кейін XII Пий Папасы өзінің 1957 жылғы 25 желтоқсандағы Жолдауымен Пий Орденінің жаңа деңгейін – Пий Орденінің Мойынға ілетін тізбегін бекітті.

Қазіргі кезде Пий Орденінің Мойынға ілетін ең жаңа Тізбегі Ватикан Мемлекеті мен Әулие Тақтың ең жоғары азаматтық марапаты болып саналады. Бұл жоғары марапатты тек 15 адам ғана алды. Олардың бәрі де – мемлекеттердің қазіргі немесе бұрынғы басшылары.            

Президент Н.Назарбаев Пий Орденімен Қазақстан Республикасы тәуесіздігінің 10 жылдығына орай «мемлекетті басқарудағы шеберлігі мен таланттылығы үшін» марапатталды.

 

«Ақ Қыран Ордені»

Елі: Польша

Құрылған күні: 2002 жыл

Марапаттың статуты. «Ақ Қыран Орденін» поляк королі IІ Август 1705 жылы 1 қарашада белгілеген.

Польша Республикасының 1992 жылғы 16 қазандағы «Ордендер мен наградалар туралы» Заңына сәйкес, «Ақ Қыран Ордені» Польшаның жоғары мемлекеттік наградасы болып саналады (дәрежелерге бөлінбейді).

Орденмен монархтар, ерекше еңбектерін тану белгісі ретінде шетел мемлекеттері мен үкіметтерінің басшылары, сондай-ақ, саясат, ғылым, мәдениет пен өнер саласында Польша Республикасына сіңірген еңбегі үшін поляктар марапатталады.

 

«Словения Республикасының Алтын Бостандық Ордені»

Елі: Словения Республикасы

Құрылған күні: 2002 жыл

Марапаттың статуты. Словения Республикасының азаматтары мен шетел мемлекеттерінің өкілдеріне мемлекетке сіңірген айрықша еңбегі үшін немесе Словения Республикасымен достық қарым-қатынастарды дамыту ісіне сіңірген ерекше еңбегі үшін беріледі.

Н. Назарбаев «Словения Республикасы мен Қазақстан Республикасының арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтудағы оның сіңірген еңбегін тану ретінде» марапатталады. 

«Ұлы Бадр Алқасы» ордені

Елі: Сауд Арабиясы Корольдігі

Құрылған күні: 2004 жыл

Марапаттың статуты. «Ұлы Бадр Алқасы» орденін король Фейсал Бен Әбдел Әзиз белгілеп, ел Министрлер Кеңесінің 1971 жылғы 20 наурыздағы № 122 және № 123 Қаулыларымен қабылданған. Сауд Арабиясы Королінің ерекшелік белгісі болып саналады. Таққа отырған кезде, ант қабылдағанда және король деп жарияланар сәтінде «Әбдел Әзиз Корольдің Алқасымен» бірге тағылады.

Корольдің жарлығы бойынша, сондай-ақ марапат қызметі мен еңбегін танудың белгісі ретінде мемлекет басшыларына да беріледі.

Н. Назарбаев – ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары арасында осындай аса жоғары марапатқа ие болған тұңғыш жетекші.

  

 

«Леопольд Ордені Үлкен таспасы»

Елі: Бельгия Корольдігі

Құрылған күні: 2006 жыл

Марапаттың статуты. «Леопольд Ордені Үлкен таспасы» (Ordre de Leopold) – «Күш –  бірлікте» (L’Union fait Ia Force) ұранымен I Леопольд Корольдің құрметіне аталған ұлттық жоғары марапат. Марапаттың негізін арнайы құрылған комиссия қалап, корольдің 1832 жылғы 11 шілдедегі Жарлығымен бекітілген. Орденнің азаматтық, әскери және теңіздік деп аталатын үш дәрежесі бар және ол үлкен таспа, командор, офицер, кавалер және аға офицер деп аталатын бес деңгейден тұрады.

Леопольд Орденімен марапатталғандар қатарында ерлігімен көзге түскен әскерилерден өзге Бельгия Парламенті Өкілдер палатасы мен Сенатының депутаттары, көрнекті саясат және мемлекет қайраткерлері, тағы басқалар бар.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Бельгия Корольдігі мен Қазақстан Республикасы арасындағы достық байланыстарды дамытуға қосқан үлесі үшін марапатталды

 

«Тәуелсіздік» ордені

Елі: Катар Мемлекеті

Құрылған күні: 2007 жыл

Марапаттың статуты. «Тәуелсіздік» ордені Катар Мемлекетінің «Азаматтық және әскери ордендері туралы» 1987 жылғы № 5 заңына сәйкес белгіленген. Мемлекеттің жоғары наградасы болып саналады. Онымен айрықша еңбегі үшін қазіргі және бұрынғы мемлекет басшылары марапатталады.

«Бірінші дәрежелі «Қосарлы ақ крест» ордені

Елі: Словакия Республикасы

Құрылған күні: 2007 жыл

Марапаттың статуты. «Қосарлы ақ крест» ордені мемлекеттік марапат ретінде 1994 жылғы 2 ақпанда Словакия Республикасының Мемлекеттік марапаттар туралы Заңына сәйкес белгіленді. Орден демократиялық қоғамның қалыптасуы мен дамуына сіңірген айрықша еңбегі, зор мемлекеттік және қоғамдық-саяси қызметі және республика игілігі үшін жасаған жанқиярлық еңбегі мен әскери ерлігі үшін беріледі. Өзге мемлекеттер азаматтарына Словакия Республикасымен түрлі салаларда ықпалдастық орнатып, дамытқаны үшін табыс етіледі. Орденнің екі түрі бар – азаматтық және әскери, олардың әрқайсысы түрлі деңгейлерден тұрады, І дәрежелісі ең жоғарғысы болып саналады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Словакия Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы өзара қарым-қатынастарды және жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін» марапатталған.

 

«Ұлы Ніл» ордені

Елі: Египет Араб Республикасы

Құрылған күні: 2008 жыл

Марапаттың статуты. «Ұлы Ніл» ордені Египет Араб Республикасының жоғары мемлекеттік марапаты болып саналады. Оны 1915 жылы сұлтан Хүсейн Кәмил Египет алдындағы әскери және азаматтық еңбегі үшін берілетін жоғары мемлекеттік марапат ретінде тағайындады. Монархияны тақтан тайдырған төңкерістен соң, 1952 жылы орден жаңа марапаттық жүйеде сақталып қалды. 1953 жылғы № 528 және 1972 жылғы № 12 заңдармен Орден статутына екі рет өзгеріс енгізілді. Египет алдындағы әскери және азаматтық еңбегі үшін ел азаматтарына, сонымен қатар, шетелдіктерге де беріледі. Египет Президенті лауазымы бойынша Үлкен тізбекті Ұлы Ніл орденінің кавалеріне айналады.

Орденнің алты дәрежесі бар: Орденнің Үлкен тізбегі; Үлкен таспадағы орден белгісі (Grand Cordon BAR.png); Гранд-офицер; Командор; Офицер; Кавалер. Қазіргі уақытта,  іс жүзінде, марапаттаудың тек шетелдік мемлекет басшылары үшін резервке қалдырылған жоғары дәрежесі ғана беріледі.

Орденнің жоғары дәрежесімен марапатталған мемлекет басшылары: II Елизавета — Ұлыбритания патшайымы; II Маргрете — Дания патшайымы; Акихито – Жапония императоры және т.б.

 

«Құрметті легионның Үлкен кресті» ордені

Елі: Франция

Құрылған күні: 2008 жыл

Орденді 1802 жылы 19  мамырда мемлекеттік қайта құру барысында Құрметті легионның негізін салған Наполеон Бонапарт «әскери істердегі батылдығы және азаматтық қызметтегі айрықша дарыны үшін» берілетін жоғары марапат ретінде тағайындады. Ұлы француз төңкерісі ордендермен қоса бүкілсословиелік артықшылықтарды жойды. Сондықтан Құрметті легион орденін тағайындау туралы  Наполеонның заңы іс жүзінде Франциядағы жаңа марапаттау жүйесін қалыптастырудың нышанына айналды.

Орден 1804 жылы алғаш төрт дәрежеге бөлінді: легионер, кавалер, командор және офицер.  Бұл орденмен марапаттаудың ең бірінші рәсімі 1805 жылғы 15 шілдеде өтті, Наполеон онымен Ардагерлер сарайы капелласында өз маршалдарын, ардагерлерді, сарбаздарды, ғалымдарды, жазушылар мен өнер қайраткерлерін марапаттады.

Қазіргі түріндегі Үлкен крест орденінің белгісі 1962 жылы бекітілді.

Үлкен крест кавалері оң иығы арқылы киілген алқызыл түсті муар жібек таспаның сол жақ белдік тұсына орден белгісін және сол жақ көкірек тұсында алтын Жұлдыз тағынады.

Францияда Құрметті легион ордені  жай айырым белгісі ғана емес, сонымен бірге ол  – марапатталған кавалерлер ұйымы. Орденнің басшылығында қызметіне кіріскен күні Үлкен крест кавалерінің белгісі мен орденнің алқа-тізбегін алатын Ұлы магистр (Республика Президенті) тұрады. Республика Президенті өз Жарлығымен Үлкен крест кавалерлері арасынан 6 жыл мерзімге Құрметті Легион орденінің Ұлы  канцлерін тағайындайды. Ұлы канцлер Орден кеңесін басқарады, марапаттауға ұсынымдарды жинақтап, оларды Орден кеңесінің қарауына ұсынады, Республика Президентіне  марапатқа ұсынылатын үміткерлер тізімін береді. Ең төменгі дәрежесімен (кавалер) марапаттау үшін, өзге еңбектерімен қатар, 20 жылдан кем емес уақыт әскери немесе азаматтық қызмет атқаруы, болмаса 25 жылдан кем емес уақыт кәсіби қызметпен айналысуы керек. Ал Үлкен крестпен ең көрнекті тұлғалар марапатталады. Франция Президенті өзіне ұлықтау рәсімі кезінде берілетін Үлкен крестің кавалеріне бірден айналады. 

Орденмен шетелдік азаматтарды марапаттау жалпыға ортақ негізде жүзеге асады, дәрежелердің реттілігін міндетті түрде сақтау талап етілмейді және ұйым ретінде Орденге мүше болуды қажет етпейді. Үлкен крест кавалерінің дәрежесі Республика Президентінің Жарлығымен беріледі.

Франция СІМ Протокол Қызметінің Марапаттар мен артықшылықтар бөлімінің бастығы Д.Бардың мәліметі бойынша, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Құрметті легионның Үлкен крестімен марапатталуын куәландыратын құжат – марапаттаудың нөмірі мен күні көрсетілмейтін Диплом. Сонымен бірге, қолда бар ақпаратқа сәйкес, Франция Президентінің бұл марапаттау туралы Жарлығы 57 D нөмірімен биылғы 22 мамырда шыққан.

 

«Емен тәж» ордені

Елі: Люксембург

Құрылған күні: 2008 жыл

Орденнің статуты. Емен тәж орденін 1841 жылғы 29 желтоқсанда Нидерланд Королі және Люксембургтың Ұлы Герцогы ІІ Вильгельм тағайындады.

1840 жылы Нидерланд конституциясы корольдің нидерланд ордендерімен марапаттаудағы артықшылықтарын шектеп тастады, король өзінің екінші титулын пайдалана отырып, өзіндік шексіз билік (самодержавиелік) құқығына сүйеніп,  люксембург орденін тағайындады.

Бастапқыда орденнің төрт (төмендеу ретімен) дәрежесі болды: Бірінші санатты Рыцарь немесе Үлкен крест; екінші санатты Рыцарь немесе орден жұлдызы Рыцарі; үшінші санатты Рыцарь немесе командор; төртінші санатты Рыцарь немесе рыцарь.

1858 жылы бірқатар өзгерістер енгізілді. Екінші санатты Рыцарьлар гранд-офицер титулына ие болды және бесінші санат – офицер санаты (командор мен рыцарь дәрежелері арасында) тағайындалды. Сонымен қатар, орденге еңбегі үшін берілетін үш медаль – алтын, күміс және қола медаль қосылды.  1872 жылы  алтын жалатылған күміс медаль алтын медальмен ауыстырылды.

Нидерландтық кезеңде орденмен люксембургтіктердің үштен бірінен де азы марапатталды, ал марапатталғандардың басым бөлігі 1890 жылға дейін голландықтар мен шетелдіктер болды, ІІІ Вильгельмнің өлімінен соң, Емен тәж ордені таза люксембургтық орденге айналды, жаңа Ұлы Герцог Адольф Нассау негізгі люксембургтық наградаға айналған орденмен марапаттауды жалғастырды.

Емен тәж орденімен Люксембург халқы алдындағы ерекше азаматтық және әскери еңбек сіңірген, сонымен қатар, үлкен шығармашылық табыстарға жеткен жандар марапатталады. Орден ұлттық мерекеге орай үкімет мүшелеріне, депутаттарға, мемлекеттік кеңесшілерге, мемлекеттік қызметшілерге, қалалық билік қызметкерлеріне, экономикалық, әлеуметтік, мәдени және спорттық қызметтерге қатысушыларға, сонымен қатар, еріктілерге тапсырылады. Ерекше жағдайларда орден шетелдік азаматтарға берілуі мүмкін. Бұл жағдайда азаматы марапатқа ұсынылған мемлекет үкіметінің келісімі талап етіледі. Бір адам марапатқа арадағы бес жылдан соң қайта ұсыныла алады.

Орденді Люксембург Премьер-министрінің ұсынысы бойынша, Ұлы Герцог немесе монархтың атынан үкімет басшысы тапсырады.

 

«Үлкен таспадағы хризантема» ордені

Елі: Жапония

Құрылған күні: 2008 жыл

Орденнің статуты. Мемлекеттік марапаттар иерархиясында «Үлкен таспадағы хризантема ордені»  маңызы жағынан Жапонияның ең жоғары марапаты «Алқалы хризантема орденінен» кейін екінші орын алады. Марапаттың мәртебесіне сәйкес, бұл орденмен тек қана император мен король және жоғары ақсүйектер әулетінен шыққан жапондықтар мен шетелдіктер, сонымен қатар, мемлекеттік, халықаралық ғылыми-зерттеушілік, қоғамдық және қайырымдылық қызметтегі жоғары жетістіктері, ғаламшардағы бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін шетелдік мемлекеттер басшылары марапатталады. 

Оған қоса, бұл марапат осыған дейін бұдан төмен жапондық «Күншығыс», «Киелі Қазына» және «Қымбат Тәж» ордендерімен марапатталған, император отбасынан шыққан жандарға беріледі. 

Император үйі жөніндегі ережеге сәйкес, «Үлкен таспадағы хризантема ордені» император отбасының 7 жастағы ханзадаларына, ал өзге ханзадаларға 15 жаста  беріліп келді.

 

«Эрдэнийн очир» ордені

Елі: Моңғолия

Құрылған күні: 2008 жыл

Орден статуты. Бұл орден алғаш Моңғолияда Боғда Ханның билігі тұсында 1913 жылы тағайындалды.

Содан соң 1991 жылы  МХР Кіші Хуралының қаулысымен,  бұл орден халықаралық қатынастардағы демократия қағидаттарын бекітуге және Моңғолиямен арадағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін шет елдердің саяси және қоғам қайраткерлерін марапаттау мақсатымен қайтадан қалпына келтірілді.

«Эрдэнийн очир» орденінің үш дәрежесі бар.

Бірінші дәреже – «Эрдэнийн очир» інжу ордені – онымен шетелдік мемлекеттер басшылары марапатталады.

Екінші дәреже – «Эрдэнийн очир» маржан ордені – онымен шетелдік мемлекеттердің парламент және үкімет мүшелері марапатталады.

Үшінші дәреже – «Эрдэнийн очир» көгілдір ақық ордені  – вице-министрлерге және өзге де мемлекет және қоғам қайраткерлеріне беріледі.

Алғаш рет 1991 жылы «Эрдэнийн очир» орденімен Корея Республикасының  Президенті марапатталды. Одан соң 1997 жылы АҚШ Мемлекеттік хатшысы Дж. Бейкер, Жапония премьер-министрі Т.Кайфу, 2005 жылы Венгрия Республикасының Президенті М.Ференц марапатталды.

 

«Үш жұлдыз» ордені

Елі: Латвия Республикасы

Құрылған күні: 2008 жыл

Орденнің статуты.  Үш жұлдыз ордені «Peraspera ad astra» («Азапты жол арқылы жұлдыздарға») ұранымен 1924 жылы 25 наурызда 1918 жылғы 18 қарашадағы Латвия мемлекетінің құрылуын еске алу мақсатында бекітілді. Орденнің Жарлығы 1938 жылғы 12 шілдедегі «Ордендер мен құрметті белгілер туралы» заңмен бекітілді. Бұл заң сол кезге дейін бар ордендермен, соның ішінде Үш жұлдыз орденімен де марапаттау тәртібін жарғылады. Заңның 44-бабында елдің Президенті қызметіне кірісе отырып, әр орденнің (ол кезде 3 орден болатын) жоғары дәрежесіне және ордендік тізбекті алу құқығына ие болатыны белгіленді.   Осы заңның қабылдануымен бірге Үш жұлдыз орденінің Жарғысы күшін жойды.

Орденмен қоғамдық, мәдени және шаруашылық қызметте, сонымен қатар, өзін-өзі басқару қызметінде көрініс табатын Отан алдындағы еңбегі үшін марапатталады. Орденмен міндетті қызметтегі әскери қызметшілер және өзге мемлекеттердің азаматтары да марапатталуы мүмкін. Ал сіңірген еңбек ретінде ұзақ, үлгілі және жемісті қызмет,  сонымен қатар, Латвияның тәуелсіздігін қалпына келтіру кезеңіндегі немесе мемлекетті одан әрі құру және нығайту уақытындағы жекелеген көрнекті іс-әрекеттер саналады.

Үш жұлдыз орденінің бес дәрежесі бар. І дәрежелі орденмен марапатталған адам үлкен крест командирі деп аталады. ІІ дәрежелі орденмен марапатталған адам аға офицер атанады. ІІІ дәрежелі орден алған адам командир атанады. IV дәрежелі орденмен марапатталған адам офицер атанады. Ал V дәрежелі орденмен марапатталған адам кавалер атанады. Айрықша марапат ретінде үлкен айқыш командирі орден  алқасымен марапатталуы мүмкін.

«Құрмет» ордені.

Елі: Түрік Республикасы

Құрылған күні: 2009 жыл

Орден статуты. Құрмет ордені екіжақты достық байланыстарды дамытуға қосқан үлесі үшін шетел мемлекеттері басшыларына беріледі.

Құрмет ордені Қазақстан Президентіне Қазақстан-Түркия қарым-қатынастарын нығайтуға қосқан үлкен үлесі және түркі тілдес әлемді біріктірудегі ерекше рөлі үшін берілді.

«Мугунхва» Үлкен ордені (Мәңгі гүлдеп тұрған раушан), Корея Республикасының жоғары мемлекеттік наградасы

Елі: Корея Республикасының

Құрылған күні: 2009 жыл

Орден статуты. Мәртебесіне сәйкес, «Мугунхва» Үлкен орденімен «мемлекетті нығайту және дамыту, халықтардың бейбітшілігі мен өркендеуі ісіне көрнекті үлес қосқан» адамдар марапатталады. Награда 1949 жылы 13 тамызда тағайындалды. 1967 және 1973 жылдары орден мәртебесіне өзгерістер енгізілді. Оның тағайындалған сәтінен бері барлығы  117 адам, негізінен шетелдік мемлекеттердің, соның ішінде Корея Республикасымен тығыз, достық қарым-қатынастағы Франция, Ұлыбритания, Бразилия, Малайзия, Мексика, Филиппин президенттері мен премьер-министрлері марапатталды.

«Ақ Раушан Үлкен Командорлық Крест Ордені»

Елі: Финляндия

Құрылған күні: 2009 жыл

Орден статуты.  Ақ раушан орденін 1919 жылы 28 қаңтарда генерал Карл Густав Маннергейм тағайындады. Ол дәл сол күні жойылған Бостандық Кресті Орденін ауыстыруы тиіс болды. Марапаттау критерийі – «мемлекет пен халық игілігіне қызмет ету». Орден атауы Финляндия елтаңбасында орналасқан 9 ақ раушаннан шыққан. Марапатты фин азаматтары да, шетелдіктер де ала алатын еді. Гауһармен және Семсерлермен (орден тізбегіндегі) безендірілген Үлкен Крестпен тек маршал Маннергейм ғана марапатталды.

Гауһармен безендірілген Үлкен Крестті бар болғаны үш адам ғана алды: сенатор Отто Стенрот, саясаткер және дипломат Карл Энкель және профессор Ян Сибелиус (барлығы – Финляндия үкіметінің мүшелері).

Семсерлермен безендірілген Үлкен Крест Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі іс-әрекеттері үшін үш финнге (Ялмар Сииласвуоға, Эдвард Ханеллаға және Аксель Айроға) және бірнеше шетелдікке (олардың арасында неміс генералы Э. Дитльге, Финляндияның солтүстігінде әрекет еткен қорықшылық корпус командиріне) берілді.

Гауһармен безендірілген І санаттағы Командорлық Крестпен марапаттаған тек екі оқиға және Семсерлермен безендірілген Командорлық Крестпен марапаттаған бір ғана жағдай белгілі.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін орден Финляндияның награда жүйесіндегі өз орнын сақтап қалды. 

1963 жылы орден статуты өзгертілді. Сіңірілген еңбек Кресті, сонымен қатар әйелдерді марапаттауға арналған нұсқалар қосылды.

«Заид» ордені.

Елі: Біріккен Араб Әмірліктері

Құрылған күні: 2009 жыл

Орден статуты. Орден  елдің негізін салушы шейх Заид Бен Сұлтан әл Нахайянның құрметіне аталған. Ол екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін шетелдік мемлекеттер басшыларына беріледі. 

«Свободи» («Бостандық») ордені

Елі: Украина

Құрылған күні: 2010 жыл

Орден статуты. Бостандық ордені (укр. Орден Свободи) — Украинаның егемендігі мен тәуелсіздігінің тұғырын бекітудегі, украин қоғамын топтастырудағы, демократияны, әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды   дамытудағы, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы азаматтардың айрықша және көрнекті еңбегін атап өтуге арналған Украинаның мемлекеттік марапаты. 

Бостандық ордені Украинаның шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар марапатталатын жоғары ордені саналады.  (Украина азаматтары үшін ең жоғары марапат – «Алтын Жұлдыз» ордені немесе Держава ордені қоса берілетін Украина Батыры атағы). 2010 жылғы 23 қарашадағы жағдай бойынша, Бостандық орденінің шетелдік төрт кавалері бар, оның үстіне, марапатталу сәтінде олардың бәрі І санатты князь Ярослав Мудрый орденінің кавалері болатын.