Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Осакаровка ауылы мен Молодежный кенттері маңында қарға көміліп қалған 4 көліктен 13 адам құтқарылған. Көз аштырмас ақтүтек боранда көліктерін тастап кеткісі келмей, қардан алып шығуға тырысқандар да жетерлік. Қазір құтқарушылар мен «Қазавтожол» жұмысшылары көлік жолдарын тазалап жатыр. Ал Астана-Қарағанды трассасында кептелісте тұрған көліктерді полиция маңайдағы елді-мекендерге жеткізуде. Құтқарушылардың айтуынша, жолда қалғандардың көбі жағдайды біле тұра жолға шыққандар.
-Ауа райының бұзылуына қарамастан, барлық смс хабарлардың жіберілгеніне қарамастан көбіне адамдар оған құлақ аспай жатады. Сондықтан да барлық тұрғындарды және қала қонақтарын ескертулерге назар аударып, жол жабық болған жағдайда шықпауға кеңес береміз, дейді Қарағанды облыстық ТЖД баспасөз хатшысы Айдана Жүніс.