Бұл туралы Informburo.kz хабарлайды.
Өткен жылдың мамыр айында қазақ қызы ақша табу үшін Мәскеуге жұмыс істеуге барады. Ресей астанасында оған жұмыс берушілер жақсы жағдай мен мол жалақы ұсынған екен. Алайда, іске келгенде барлығы жалған болып шықты дейді ол. Жұмыс берушілер Несібелінің құжаттары мен телефонын алып қойып, дүкенде еш жалақысыз сатушы етіп жұмыс істеткен.
Бойжеткенге айына бір рет телефонмен үйіне хабарласуға рұқсат беріпті. Алайда, артық сөз айтуға қатаң түрде тыйым салынған.
"Менің жүктерімнің бәрін алып қойыпты. Өзіме тек бір сыпыра киімдерімді ғана қалдырды. Мен көкөніс бөлімінде сатушы болып жұмыс істедім, демалыссыз. Біз дүкен ішінде ұйықтадық, тамақ орнына қатқан нан, сорпа орнына су ғана ішетінбіз. Тамақты тез ішу керек, әйтпесе ұрады", — дейді құлдықта болып келген қазақ қызы.
Несібелімен бірге аталған супермаркетте өзге де жәбірленушілер болған. Дүкен иесі оларды еркінен тыс жұмыс істетіп, құлдықта ұстаған.
"Бізді мәжбүрлеп арақ ішкізетін. Ішіп алып ұйықтасаң бәрін тез ұмытасың", — дейді Несібелі.
Қазақ қызын құлдықтан ресейлік белсенділер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері құтқарып алыпты. Қазір олар істі сотқа дейін жеткізбекші. Несібелінің өзі болса Қазақстанға үйіне оралған.