Бұл туралы КТК арнасының “Инсталайық” бағдарламасында айтылды.
Мақпал Жүнісованың қар күреп жүрген видеосын инстаграм желісінде мыңдаған көрермен тамашалап үлгерді. Осылайша танымал әнші қар тазалап, дүйім жұртты таң қалдырған еді. Жұлдыз күнделікті қарды осылай күрейді екен. “Желідегілер сондай қатты таң қалады деп ойлаған жоқпын. Жалпы қар жауған сайын ауламызды тазалаймын. Кез келген жер үйдің ауласы болады. Бір шетінен өзің де сергіп қаласың. Халықты қар тазалауға шақырмайсың ғой”, – дейді ол.
Ел-жұрттың көмегіне жүгінбей, үй шаруасымен өзі айналысатын әнші – Қарағанды облысындағы қарапайым ауылдың қызы. Кез келген шаруаға етене кірісіп кете алады. Мұнымен қатар, ол жалғыз қызы Мерейдің пысық келін болатынына сенімді.
“Сиырдың жапасының барлығын күрекпен үйіп, кепкен соң одан қи жасайтынмын. Артынша барлығын бір-бірінің үстіне үйіп қоямын. Қажет кезде отты да жақтым. Одан мен кем болған жоқпын. Жұмысшыларды үйге шақырып, ауланы жинатуға жағдайым жетеді. Бірақ, қазір қызым өсіп келе жатыр. Сол қызым үшін жұмысшылар алмай отырмын. Мерейді алғаш рет қар тазалауға шығарған кезде, “Мама, мен мұндай жұмысты қалай жасаймын?” деп кәдімгідей біртүрлі болып қалды. Мен “Мұның еш қиындығы жоқ. Айналайын, біреудің үйіне келін болып түсесің. Сол кезде қолынан дым келмейді деп ойламасын. Ыдыс-аяқ, еден жуып, киімдеріңді реттеп, таза ұстауға үйрен” деп қызыма ақылымды айтып жатырмын. Мен секілді жер үйде тұратындар өз шаруаларын өздері бітіргендері дұрыс”, – дейді Мақпал Жүнісова.