Челахтың анасы ұлының жазасын қалай өтеп жатқаны туралы айтып берді - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Челахтың анасы ұлының жазасын қалай өтеп жатқаны туралы айтып берді

Челахтың анасы ұлының жазасын қалай өтеп жатқаны туралы айтып берді

15 адамды қырып салғаны үшін сотталған Владислав Челах Қостанай облысындағы УК-161/3 қатаң тәртіптегі колониясында жазасын өтеп жатыр. Бұл түрме халық арасында "Қара бүркіт" деп аталады. Абақты аумағында соған сай ескерткіш қойылған. Мұнда біразға дейін тірі символ - нағыз бүркіт те болыпты. Бірақ ол торға қамалып ұсталғанына шыдамай, өліп қалған.

  • 7 Наурыз 2017
  • 4041
Фото - Caravan.kz

Владислав Челахтың анасы — Светлана Ващенкомен олар Ресейге тұрақты тұруға кетпес бұрын кездескен едік, деп жазады "КАРАВАН" газетінің тілшісі. Қазір оның отбасы Калининградта тұрады. Қазақстанда Владтың атасы қалған.  

Светлананың айтуынша, ұлы заставадағы қайғылы оқиғаның құпиясын тіпті туыстарына да ашып айтпайды екен. Естеріңізге салсақ, 2012 жылы мамырдың аяғында "Арқанкерген" шекара бекетінде 14 шекарашы мен бір қорықшының өлі денесі табылған болатын. Ресми нұсқа бойынша, Челах қаруластарын атып тастап, казарманы өртеген. Ол осы үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Светлана ұлынан апта сайын хат алып тұрады екен. Бірақ Влад оның бірде-бірінде болған оқиға туралы ләм демейді.

"Әр сөзіне, әр әрпіне үңілемін. Бірақ еш ілік жоқ. Ол хатты біреудің айтуымен жазатын сияқты. Тек туысқандарды сұрайды. Маған "ештеңені уайымдама" дейді. Осы сынаққа төзіп, өзінің жақында бостандыққа шығатынына сенімді" дейді С.Ващенко.

Челах түрмеде жүріп айналысатын іс тауыпты. Бұл жайында қарындасына былай деп жазған: "Йогамен айналысуды жөн деп таптым. Тыныс жолдарын жаттықтырамын, денемді созамын, медитация жасаймын. Жалпы, ағзам мен жүйкемді солай қалпына келтіріп жүрмін… Айтқандай, сен де йогамен айналыс. Бұл қиын емес. Қайта пайдасы бар".


Соңғы жылдары Светлана Ващенко қуанып жүр. Қылмыстық атқару жүйесі комитеті сотталған ұлымен кездесу санын екі есе көбейткен.

"Кездесу қысқа болады. Бұрын оған жарты жылда бір рет қана барған болсақ, қазір жылына төрт рет кездесуге рұқсат берген. Жүздесуге екі адамды ғана жібереді. Сондықтан кезекпен барамыз. Туыстарымыздың көбі Владты көргісі келеді" дейді анасы.