Бүгін Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев екіжақты кездесуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлыстың ұлы күні, бәріміздің ортақ мерекеміз — Наурыз мейрамында келіп отырсыз. Бұл Сіздің Президент болып сайланғаннан кейінгі тұңғыш мемлекеттік сапарыңыз. Сайлануыңызбен мен сізді шын жүректен құттықтаймын. Бауырлас өзбек халқына, өзіңізге зор денсаулық пен үлкен табыстар тілейміз. Біз туысқан ел ретінде өзбек халқының, өзбек мемлекетінің өркендеп, өніп үлкен жетістіктерге жетіп отыруын қалаймыз», — деді Елбасы екіжақты кездесу барысында.
Қазақстан Президенті өзбек әріптесінің қазақ еліне үлкен бизнес делегациямен де келіп отырғандығын баса айтты. «Біздің қабылдайтын, қол қоятын құжаттарымыздың барлығы екі елдің арасында жаңа белес, жаңа жол ашады деп санаймын. Келген жолыңыз ақ болсын!. Сіз келгелі 5 айдың ішінде екі елдің арасындағы сауда-саттық 30 процентке жоғарылады. Көп мәселелерге қол жеткіздік. Оны бүгінгі келіссөздерде айтамыз», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.