Депутаттар Сүлейменовке Бишімбаевтың кебін киіп қалмауды ескертті - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
-2 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Депутаттар Сүлейменовке Бишімбаевтың кебін киіп қалмауды ескертті

Депутаттар Сүлейменовке Бишімбаевтың кебін киіп қалмауды ескертті

Елімізде әлеуметтік салық екі есеге дейін төмендеуі мүмкін. Ұлттық экономика министрлігі Салық кодексіне осындай өзгеріс енгізбек. Өйткені жұмыс берушілер биыл шілдеден бастап міндетті медициналық сақтандыру қорына да ақша аударуы тиіс. Яғни, кәсіпкерлердің мойнындағы  мемлекеттік төлемдер еселеп артады. Сондықтан министрлік мекемелерге жеңілдік жасау керек деп шешіпті.

  • 28 Наурыз 2017
  • 960
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Мәжіліске есеп беруге келген Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Сүлейменовтің бұл Парламенттегі алғашқы жеке есеп беруі. Сондықтан депутаттар оған бірден бас салмай, әдеп сақтады. Бірақ Мәскеуден оралған Ұлттық экономика министріне мәжілісмендер бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен ұсталған әріптесі Қуандық Бишімбаевтың әрекетінен мықтап сабақ алуға кеңес берді.

"Министр мырза, сіз егемен еліміздің бүгінгі таңда осы экономикалық ведомствосының 20-шы басшысы екенсіз. Біреуінің бағы жанып кетті, біреуі өзі жанып кетті, біреуі шулатып кетті. Мен сіздің артыңызда бір жақсы із қалса деген ниетімізді айтқымыз келеді" дейді Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев.

Жылы сөз естіген Сүлейменов әрі қарай ауқымды жоспарларымен бөлісуге кірісті. Министр жақында Салық кодексіне өзгеріс енгізбек. Сөйтіп, әлеуметтік салықты 2 есеге дейін төмендетпекші. Өйткені биыл компаниялар міндетті медициналық сақтандыру қорына да қаржы аударатындықтан, мекемелердің мойнындағы мемлекеттік төлемдер айтарлықтай артады екен.

"2020 жылға қарай жұмыс берушілер мемлекетке аударатын төлем 30 пайыз болады. Біз оны жобамен 20-25 пайызға дейін төмендетуді жоспарлап отырмыз. Медициналық, әлеуметтік сақтандыруды қысқарта алмаймыз. Сондықтан әлеуметтік салықты азайтуға тура келеді" дейді Ұлттық экономика министрі.

Қазір кез-келген компания табыс салығымен зейнетақы қорына аударылатын ақшадан бөлек, 11 пайыз әлеуметтік салық төлейді. Енді ол екі есе төмендесе, жұмыс берушілердің жүгі жеңілдері белгілі. Бірақ, депутаттарды салықтан көрі, шағын бизнеске бөлінген несиелердің қайтарымы қатты алаңдатып отыр. Мәжілісмендер, әсіресе, ауыл шаруашылығына берілген қыруар ақшаға да қобалжулы. Тіпті олар «ҚазАгроны» қазына қаржысын жымқырды деп айыптады.

"Былтыр жүргізілген аудиттың қорытындысы бойынша, 2014-2015 жылдары ауыл шаруашылығын қолдауға деп бөлінген шағын несиені алған азаматтардың 30 пайызы салық органдарында  тіркелмеген. Ал Шығыс Қазақстан облысында миллиардтан астам теңге ұрланды. 700 адамның атынан жалған құжатпен несие алынған" дейді Мәжіліс депутаты Айзада Құрманова.


Депутаттардың айтуынша, бизнеске бөлінген миллиардтардың да сұрауы жоқ. Бұл тұрғыда Нұртай Сабильянов: "Даму қоры" арқылы алынып жатқан несиелерге келетін болсақ, қайтарылым онша емес. Өйткені көптеген кәсіпкерлер өздерінің кәсібін әрі қарай дамыта алмай жатыр. Көптеген кедергілер болып жатыр" деп отыр.  

Ал Ұлттық экономика министрі тиімсіз несиелерді қайтару және оны реттеу Ұлттық банктің міндеті деп құтылды. Сүлейменовтің жауабына көңілдері толмай,  әрі қарай сұрақтың астына алуға дайын тұрған әріптестерін Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко тоқтатты.

Осылайша, Ұлттық экономика министрінің Мәжілістегі есеп беруі үш сағатқа созылды. Депуттардың ұсыныстары жиналып қалыпты. Ал Мәжілістегі жиынды «Нұрлы жер» бағдарламасымен аяқталды. Божко тұрғындардың баспана мәселесін шешуге арналған бағдарлама қаламен ғана шектелмей,  ауыл-аймақтарға да тарату керек деп отыр. Яғни, шалғайдағы елді-мекендерге де жайлы үйлер салып, жеңілдетілген несиемен жұртқа тарту керек.