Ал қоғам белсендісі Дина Елгезек өзінің Фейсбуктегі парақшасында Қарақатқа да, оның күйеуі Қыдырәлі Болмановқа да араша түсіпті, деп хабарлайды Caravan.kz.
"Мұсылман баласы өмір бақи түнеріп өмірін өткізуі керек деп кім айтты? Қуанбаған деп кім айтты? Туған күнінің құрметіне орай, Қарақат қыздарға (көбіне медреседе оқитындар, таныс-туыстары бар) дастархан жайыпты. Садақа беріпті. Сыйлық үлестіріпті. Діни-танымдық әңгімелер айтылып, сұрақтар қойылыпты. Бір балаға зар боп жүрген келіншектерге ұлттық дәстүрлік жоралғы жасалыпты. Төрт бірдей жігітті дүниеге әкелген Қарақаттың мұндай қарекетке құқығы бар шығар? Ақ тілектер айтылып, үлкендер ақ батасын беріпті. Нендей сөкеттік көрдіңіздер? Мешітте емес! Медресенің асханасында! Сол жерде арақ ішіліп, жын-ойнақ жасаса, ренжеуге болады. Бұл не дүрлігу өзі?
Қарақат бесінші баласына аяғы ауыр екен. Мұншама ауыр сөз айтуға бола ма екен ішінде періштесі бар анаға? Адами құндылық девальвацияға ұшырайтын ақша емес. Ардың құны ауызбен де өлшенбейді. Іспен өлшенеді! Өткенде Қыдырәлі бір шалт басып еді, әлі жүндей түтіп, етін тірілей жеп жатырмыз… Ерлі-зайыптылардың елге жасаған басқа мың-сан жақсылығын неге ұмытамыз? Қояйықшы осы әңгімені! Қарақаттың бақытын берсін сіздерге!" дейді Дина Елгезек.