«Флешмобқа университетіміздегі барлық факультеттердің студенттері қатысуда. Олар Димашқа осылайша өздерінің тілектерін білдіріп, қолдау көрсеткісі келеді. Димашқа табыс тілейміз. Қазақстанның атын әлем сахналарында таныта беруіне тілектеспіз”, деді Қазақ ұлттық өнер университетінің проректоры Тұрар Әліпбаев.
Флешмоб барысында журналистердің сұрағына жауап берген Майра Ілиясова Димашты Қазақстанда бағаламады деген пікірмен келіспейтінін айтты.
“Қытайда халық көп. Шешуші кезеңде не болатынын нақты болжап айта алмаймын. Дегенмен, Димаш конкурсқа қатысқан бірінші күннен бастап өзін көрсетіп, бүкіл әлемді бағындырды. Димаштың Қытайда танылғанына жарнаманың мықтылығы да әсер етті деуге болады. Ал Қазақстанда біз бұған дейін де Димаштың өнеріне тәнті болып, оны түрлі концерттерге қатыстырып жүрдік. Бірнеше жыл бұрын Димаш жас болғанын да ескеру керек. Осы уақытқа дейін ол өз-өзін дамытты. Әрине, сын пікірлерді де естідім. Бірақ, әншіні әнші, тілшіні тілші сынағаны дұрыс деп ойлаймын”, – деді Қазақстанның халық әртісі Майра Ілиясова.
Естеріңізге сала кетсек, Димаш Құдайберген 15 сәуір күні I am a singer конкурсының финалына қатысады. Шешуші сайыс тікелей эфирден көрсетіліп, жеңімпазды сол жерде отырған көрермен анықтайды.