Бұл туралы Patrul.kz хабарлады.
Патруль экипажы Жароков көшесімен төмен қарай қисалаңдап келе жатқан Toyota-ны байқап қалған. Бірақ оның жүргізушісі жол сақшыларының "тоқта" дегеніне көнбепті. Бірақ полицейлер оны бағдаршамның тұсында қуып жеткен. Toyota жүргізушісі сонда да қоймай, қашып кетемін деп ойлап артқа жүріп, Mitsubishi Montero-ға соғысады.
Осыдан кейін ереже бұзушы адам көлігінен атып шығып, жол сақшысына тап береді. Тіпті қалалық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы берген куәлігін көрсетіп, қорқытпақ болған. Сөйтіп, полицейлердің біріне жұдырық жұмсайды. Ал әлгі куәлік Алмат Шәймерденнің атына жазылыпты.
Бұл әрекеті видеоға түсіп қалған Алмат Шәймерденннің кейін шынында да Алматы әкімдігінде істегені анықталды. Аталған басқарманың екі бөлімінде қызмет атқарыпты. Жұмыстан өз еркімен кеткен. Ал көрсеткен куәлігі өткен жылдың 31 желтоқсанына дейін жарамды екен.