Петропавлда "К-Дорстрой" компаниясының 20 шақты жұмысшысы желтоқсан айынан бері еңбекақысын ала алмай жүргеніне шағымданды деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Жұмысшылар шыдамы таусылып, құзырлы органдарға арыз жазғанын айтады. Компания жұмысшысы Константин Степанов компанияда токарь болып жұмыс істеп , айына 150-190 мың теңге жалақы алып жүргенін, қазір жұмыс берушілер өзіне 260 мың теңге қарыз екенін айтады. Компания өкілдері сәуір айында жұмысшылармен есептесеміз деген.
Солтүстік Қазақстан облыстық (СҚО) мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бастығы Қайрат Пішенбаветың сөзінше, бүгінге дейін "К-Дострой" компаниясында жұмыс істеп жүрген 20 шақты адам жалақысын ала алмай жүргеніне шағымданған. Компания Астана қаласында тіркелгендіктен алда бұл мәселені Астананың еңбек инспекциясы басқармасы қарамақ. СҚО прокуратурасы бұл іс бойынша тексеріс жүріп жатқанын айтады.
Қайрат Пішенбаев, Солтүстік Қазақстан облыстық еңбек басқармасы департаментінің бастығы. 22 мамыр 2017 жыл.
"К-Дорстрой" компаниясының басшыларына 25 мамырға дейін жұмысшылардың жалақыларын төлеуге уақыт берілді. "К- Дострой" қызметкерлері компания қаржылық жағынан қиындықтарға тап болғанын, қарызға батқанын айтып, 25 мамырға дейін жалақылары төленетініне күмән келтірді.
"К-Дорстрой" компаниясы негізінен жол жөндеу жұмыстарымен айналысады. Компания 2015 жылдан бастап Петропавлдағы Петропавл-Бескөл жолының 10 километрі мен әуежайдың рулеждік жолдарын, ұшып-қону жолағын қайта салуға қатысқан.