Қазақстан да, Қырғызстан да Сирия дағдарысын шешу жолында ешкімнің ықпалына түспейді - СІМ - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
+1 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан да, Қырғызстан да Сирия дағдарысын шешу жолында ешкімнің ықпалына түспейді - СІМ

Қазақстан да, Қырғызстан да Сирия дағдарысын шешу жолында ешкімнің ықпалына түспейді - СІМ

ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың айтуынша, Сирия мәселесін шешу жолында Қазақстан ешкімнің ықпалына түспейді. Астана процесінің өзі еліміздің ортақ іске қосқан үлкен үлесі болып саналады.

  • 24 Маусым 2017
  • 1287
Фото - Caravan.kz

Ал қақтығыс аймақтарына әскер жіберу мәселесі тек БҰҰ деңгейінде ғана қаралуы шарт, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Сирия дағдарысы шешу жолында Қазақстан да, Қырғызстан да ешкімнің ықпалына түспейді. Иә, қазіргі кезде аталған екі мемлекет БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына атсалысып келеді. Қазақстан мен Қырғызстан өз бітімгерлік күштерін 16 миссияның құрамында қызмет атқаруға дайындап жатыр. Аталған миссияларда 125 мың офицер мен солдат бар. Содан болар, Сириядағы деэскалация аймақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне келгенде Қазақстан мен Қырғызстан жайында айтыла бастады", — деді Әбдірахманов Еуразиялық медиа форумның бүгінгі сессиясында.

Аталған отырыс Сириядағы дағдарыс мәселесіне арналды. Министрдің айтуынша, бітімгерлік күштерді бірнеше ұйымның аясында пайдалануға рұқсат бар. Осы жолы Қазақстан мен Қырғызстанның бітімгерлік күштерін Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының аясында қолдану туралы ақпарат шықты.

"Дегенмен, аталған мәселе БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде қарастырылған жағдайда ғана Қазақстан өзінің бітімгерлік күштерін қақтығыс аймақтарына жіберетін болады. Ұйымның ресми резолюциясы мен мандаты берілуі шарт. Сонда ғана Қазақстан да, басқа да мемлекетер бітімгерлік күштерін тиісті жерге жібере алады", — деп атап көрсетті министр.


Қайрат Құдайбергенұлы Сирия жеріне бітімгерлік әскерді жіберу бойынша ресми келіссөздердің жүргізілмей жатқанын тағы бір мәрте еске салып, Астана процесінің өзі еліміздің ортақ іске қосқан үлкен үлесі екенін жеткізді.