"КАРАВАН" газетіндегі жеке детективтерге қатысты материал өте оқылымды дүниеге айналды. Онда тыңшылар Астана мен Алматыдағы дөкейлердің түрлі қызықтары туралы әңгімелейді. Caravan.kz медиа-порталының қазақ редакциясы сол көлемді материалдан тағы бір үзінді жариялауды жөн көрді.
Астаналық Аслан есімді жеке детективке Forbes тізіміндегі бір азамат жолыққан. Сөйтіп, өзі клиенті болған әрі… үйленгісі келіп жүрген бұрынғы жезөкшені тексеруді өтінеді.
— Оған (жезөкшеге – ред.) көлік, жарты миллион тұратын пәтер алып берген, бизнес ашып берген. Тапсырыс беруші кездесуге келгенде, оны бірден танымай қалдым. Өйткені тым қарапайым көлікпен жүр екен. Біз бұрынғы жезөкшенің күйеуі болғанын, ал жаңағы Forbes тізіміндегі азаматпен кездесіп жүрген үш жыл бойы оның көзіне шөп салып келгенін анықтадық. Келіншектің он көңілдесін клиентімізбен бетпе-бет жолықтырдық. Олардың бәрі бұрынғы жезөкшемен қашан, қайда жатқанын бүге-шігесіне дейін айтып берді. Сөйтсек, әлгі азамат іссапарға кеткен сайын, оның нақсүйері ойына келгенін істейді екен. Содан кейін не болды деп ойлайсыздар ғой? Клиентіміз бұл бикешті кешіре салды!
Тапсырыс беруші маған одан кейін де талай рет хабарласты. Ал мен оған көңілдесінің тағы да опасыздық жасап жүргенін анықтадым. Білмеймін, бұл махаббат па, шатасу ма әлде басын айналдырып алған ба, апталдай азаматымыз әлі күнге дейін соның соңында салпақтап жүр! Бірақ оған әлі үйленген жоқ. Жалпы, біздегі махаббат машақаттары "Санта-Барбараны" (америкалық телехикая – ред.) жолда қалдырады, — дейді Аслан.