Петропавл қаласындағы шілде айына арналған бір айлық жол жүру билетінде «маусым» айы деп қате жазылып кеткен. «ВКонтакте» желісіндегі «Типичный Петропавловск» тобында жарияланған билеттің суретін көпшілік талқылады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Билетті басып шығарушылар маусым мен шілде айын айыра алмай қалған көрінеді. Енді келер шілде айында бір айлық жол жүру билетін сатып алған петропавлдықтар «маусым» деп жазылған билетпен қатынайтын болды. Жауапты «СКО Автотранспортный союз» қауымдастығының өкілдерінің хабарлауынша, қателікті баспахана жіберген. «Өкінішке орай, баспахана осындай қателікке жол берді. Қазіргі таңда шілде айының билеті «маусым» деп жазылып кетсе де, автобустарда барынша бұл билеттің жарамды екені туралы ақпарат таратып жатырмыз. Қателік жіберген типография билеттің жарамдылығы туралы ақпараттарды бізге шығарып беріп жатыр. Әлеуметтік желі арқылы халыққа түсіндіріп жатырмыз. Барлық жүргізушілер ескертілді. Билет сатып алған адамдар ешқандай қиындыққа тап болмайды», — деп хабарлады қауымдастық.