Tengrinews.kz тілшісі Қазақстанның 18 миллионыншы тұрғынының ата-анасын алғашқылардың бірі болып құттықтады.
Муслиманың ата-анасы баласының 18 миллионыншы тұрғын екенін телефон арқылы білді. Олар бұл кезде Алматы облысындағы Ақсу ауданында еңбек демалысында жүріпті.
"Муслима 11 мамырда дүниеге келген. Жеңіл босанды. Тұңғышымыз ұл. Қыздың дүниеге келуі тосынсый болды. Есімін әкесі қойды. Әкім Бағдат Қарасаевтың телефон арқылы хабарласуы біз үшін тосынсый болды", — дейді баланың шешесі Диана Омарханова.
Муслиманың әкесі Самат Бестібаев Талдықорғандағы мектептердің бірінде дене шынықтырудан сабақ береді. Өзі мұғалімдер отбасынан шыққан, әке жолын қуған екен. Диана мен Самат №16 мектептің қабырғасында бірге жұмыс істеп жүрген кезінде танысыпты.
"Үйге келе жатқанда уайымнан алаңдап отырдық. Шілдеде елдің 18 миллионыншы тұрғыны дүниеге келетіні жайлы білдік, Бірақ біздің Муслима болатыны күтпеген жағдай болды", — дейді бақытты әке.
Айта кетейік, Диана мен Саматтың тұңғышы екі жарым жаста. Сұлтан ешешсіне үй шаруашылығында көмектесіп, қарындасына қарасып жүр екен.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жас отбасыны құттықтап, отбасының тамызда үш бөлмелі пәтер алатынын хабарлады.
Еске салайық, кеше ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Талдықорғанда туған Муслима Саматқызы Қазақстанның 18 миллионыншы тұрғыны болғанын айтқан еді.