Бұған дейін экономист Раxым Ошақбаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін сынаған болатын. Осыдан кейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов оны аталған мәселені ашық алаңда талқылап, тікелей эфир арқылы теледебат ұйымдастыруға шақырды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінде «Еуразия бірінші арнасын» біраз адамдар көреді. Сосын ол жерде онлайн режимде жұмыс істейтін ток-шоу бар. Сол себепті біз осы арнаны қарастырып жатырмыз. Бұдан бөлек, «Хабар» арнасынан да ұсыныс бар. Ең бастысы, тікелей эфир болуы шарт. Өкінішке қарай, тікелей эфирге келгенде барлық арналарда ондай мүмкіндік болмай жатады», — деді Біртанов журналистерге берген сұxбатында. Министрдің айтуынша, тікелей эфирді ол өзі таңдап отыр. Артынан «телебағдарламаны редакциялап, өзекті деген жерлерін кесіп тастады» деген ой туындамас үшін осындай шешім қабылданды. «Енді, қазір 21 шілдеге белгілеп отырмыз. Себебі ол уақыт барлығына ыңғайлы болуы қажет. «Еуразия бірінші арнасы» да соған дайын отыр. Бәлкім, басқа жерде болады. Дегенмен, келесі аптада теледебатты міндетті түрде өткізуіміз керек», — деп атап көрсетті Елжан Амантайұлы.