Екінші баласымен арасындағы үзіліс 9 жыл болғанына қарамастан, 29 жастағы жас ана еш қиындықсыз әрі отасыз босанған. "Әлдиіміздің салмағын естігенде тегіс қуандық", — дейді. Қазір келіншектің күйеуі іссапармен Қырғызстанда жүргендіктен, қызын әлі көрмеген екен.
"Өте қатты толқып тұрмын. Шаттығымызда шек жоқ. Қызымның салмағы 6 келі 300 граммға жуық дегенде, талып түсе жаздадым. Алдыңғы балаларым 3 келіден аса туылған. Бұл қызымның салмағы біз үшін рекорд енді. Балапанымды босанар алдында УЗИ аппаратына тексерілдік. Сол кезде сәбиімнің салмағы 4 келі 200 грамды көрсетті. Оған біресе таңырқап, біресе қиналып қалам ба деп қорқақтағаным рас. Алайда, дәрігерлердің арқасында бәрі жақсы өтті", — деді анасы Алена Премушко
6 келі нәрестенің туылғанын қала халқы лезде естіп қойыпты. Күтпеген жаңалыққа күллі Тараз қуанып қана қоймай, баланың түрін көргісі келіп перзентханаға ағылған. Шаһар халқын шаттыққа бөлеген шақалақ қазір анасымен бірге қалпына келтіру, оңалту палатасында жатыр.
Қазір аналар үйі алдында алып сәбидің анасын құттықтауға асыққан адамдардың қарасы қалың. Тіпті, келіншекті босандырған ақ халаттылардың өзі "6 келі Алпамыс туылды" деп жұрттан сүйінші сұраған. Дәрігерлер баланың денсаулығы жақсы әрі еш ақаусыз дүниеге келді дейді.
"Босандыруға бар-жоғы жарты сағат уақыт жұмсадық. Бұл біздегі бірінші жағдай емес. Осы орталықта осыдан 7 жыл бұрын салмағы 6 келі 500 грам болатын сәби туылған. Ол көп босанушы әйел болған соң, кесір тілігімен босандырған едік. Ал, Алена өз күшімен табиғи жолмен дүниеге әкелді", — деді Тараз қалалық перенаталдық орталығының акушер-гинекологы Эльвира Атабаева.